©
Маңғыстауда мемлекеттік қызметке деген қызығушылық артқан. Яғни қазіргі таңда бос орындар саны - 95, ал өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 166 болатын, яғни штаттық бірліктің 7% құрап отыр. Бұл туралы «Мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысын төлеудің факторлық-балдық шкаласын (ҚБШ) енгізу бойынша Маңғыстау облысының тәжірибесі» тақырыбындағы өткен брифингте айтылды.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарованың айтуынша, бүгінде Маңғыстау облысында 172 жергілікті атқарушы орган бар. Қызметшілердің штаттық саны - 1347, нақты саны – 1252.
Сондай-ақ мемлекеттік қызметші сан қырлы болуы керек, кез келген жерде халықтың сұрағына жауап бере отырып, ешқашан төмен деңгейін көрсетпеу қажеттігін де айтты."Өңірде мемлекеттік қызметкерлердің жалақысының өсуі - жылдар бойы күткен үлкен өзгеріс. Мемлекеттік қызметшілердің жалақы алуы 15 жылдан бері өзгеріске ұшырамапты. Олар 15 жыл бойы белгілі бір лауазымына байланысты жалақы алып келді. Жалақысын есептеу кезінде жеке өзінің еңбегінің тиімділігі және мемлекеттік органдарды дамытуына үлесі есептелген жоқ. Мына жаңа жалақы төлеу жүйесі бойынша біздің агенттік 2015 жылдан бастап елбасының "100 нақты қадам" бағдарламасын жүзеге асыруға қадам басты. Заңдардың бәріне өзгеріс енгізілді, қайтадан қабылданды", - деп атап өтті Нұргүл Жанназарова.
Еңбекақы орташа есеппен 2,5 есе өсіп, бос орындар саны 65,7 % қысқарған, таза ауысымдылық 2 есе төмендеп, еңбек шартымен қызмет етіп жүрген 84 адам қысқартылып, мемлекеттік қызметке үміткерлер саны 206%-ға өскен. Сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саны 3 есе өсіп, мемлекеттік қызметтердің сапасына келіп түскен шағымдардың саны 4 есе азайған, басшылық лауазымдар саны азайып, орындаушылық лауазымдар өсіп отыр.
Сонымен қатар биыл пилоттық жоба ретінде ұсынылған 4 мемлекеттік органды атап өтті. "Олар ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және аумақтық департаменті, ҚР Әділет министрлігі, Орталық ақпарат пен Астана қаласы бойынша департаменті, сонымен қатар Астана қаласының әкімдігі және Маңғыстау облысының әкімдігі"- деді ол.
Әдеп кеңесінің төрайымы Нұргүл Жанназарова айтуынша әдеп кеңесінің шешімдері бойынша 8 айда 13 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылған, оның 8-і ескерту, 3-і сөгіс, 3-уі қатаң сөгіс. Сондай-ақ басшылық лауазымы бойынша 16 мемлекеттік қызметші жауапқа тартылған, оның 6-уы ескерту, 3-і сөгіс, 5-уі қатаң сөгіс және 2-уі қызметіне толық сәйкес емес екендігін саралап айтты.
"Биылдан бастап мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы көтерілді, жағдай жасалып жатыр, бірақ соңғы кезде мемлекеттік қызметкерлердің тәртіпсіздігі көбейіп кеткен жоқ па?"- деген журналистердің сұрағына Нұргүл Жанназарова былай деді:
«Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілердің тәртіпсіздігі көбейді деп айта алмаймын. Бұл үнемі болып жүрген жағдай. Қазір цифрлық технологияның дамыған заманы, кез келген нәрсе желіде тез тарап кетеді. Ал, әдеп жағына келетін болсақ, барлық мемлекеттік органдармен, соның ішінде қалалық әкімшілікпен де байланыстамыз. Яғни мемлекеттік қызметшілермен кездесу өткізіп, олардың тәртіптеріне назар аударып, Әдеп кодексіне қатысты суреттерді, видеоларды көрсетіп ескерткенбіз, түсіндіргенбіз», - деді Нұргүл Жанназарова.
Сонымен қатар, Н.Жанназарова Әдеп кеңесіне кімдердің мүше бола алатынына тоқталды:
«Әдеп кеңесінің мүшелігіне әдеп кеңесіне сүйене отырып ұсынамыз. Әдеп кеңесіне тиісті құзырлы органдардың басшылары енгізіледі. Сонымен қатар қоғам қайраткерлері, халықтың алдында өмірлік тәжірибесі бар, өзіндік көзқарас, ұстанымы бар және әділ баға бере алатын, заң саласында тәжірибесі бар адамдарды ұсынып жүрміз. Әдеп кеңесінің қатарында үкіметтік емес ұйымның мүшесі де бар. Сондай-ақ басшылық лауазымдағы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін енгізуге болады», - деп атап өтті Нұргүл Алмасқызы.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ