Бүгін Ақтауда ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін өткен VI халық спорты ойындары ресми түрде аяқталды. Салтанатты жиынға спортшылар мен сайыс ұйымдастырушылары, спорт жанашырлары мен жанкүйерлер қатысты.
Халық спорты ойындарына еліміздің барлық өңірінен 2500-ге жуық спортшы келді. 4 күнге созылған мықтылар бәйгесі бүгін жеңімпаздарын жариялап, марапат табыстады.
Командалық есепте Астана қаласы құрамасы – 1 орын, Алматы қаласы – 2 орын, Шымкент қаласы – 3 орынға ие болды. Ал Маңғыстау құрамасы 7 сатыға табан тіреді. Атап айтсақ, өлке спортшылары жағажай волейболынан ерлер арасында 1 орын, әйелдер арасында 2 орын еншіледі. Шағын футболдан және стритболдан бас жүлдені иеленді.
-Біздің құрама бұл жарыста спорттың 6 түрінен сынға түсті. Сәтті өнер көрсетіп, жалпы командалық есепте 1 орынды иеленді. Спорттық бағдарлау, асық ату, кір тасын көтеру сындарынан алдыңғы орындардан көріндік. Ақтаудағы сайыс өте жақсы өтті, ешқандай сәтсіздік, жарақат орын алған жоқ, - дейді Астана қаласы мәдениет және спорт басқармасы жоғары дәрежелі спорт бөлімінің жетекшісі Гүлназ Оразалина.
Астана қаласынан жарысқа қатысуға 150 адам келген. Олардың 113-і спортшы, сонымен қатар дәрігерлер, жаттықтырушылар, төрешілер мен жетекшілер бар. Спортшылардың жасы 18 бен 71 жас аралығында.
-71 жастағы апамыз бар. 1 апта бұрын Астана қаласында үлкен марафонға қатысып келген. Мұнда президенттік көпсайыста бақ сынады. Бізге президенттік көпсайыс қиындау болды. Себебі қарсыластар өте мықты. Бес сайыстан тұратынын ескерсек және күн райының ыстықтығы да әсер етті, - дейді Гүлназ Оразалина.
Футболдан Маңғыстау құрамасы бәсекеде үздік өнер көрсетті. Бірлігі мен бабы келіскен команда қарсылас шыдатпай, бас жүлде қанжығалады. Құрама ойыншысы Айтуған Дастанұлы футболға 7 жасында келген. Ол сайыста үздік шығу оңай болмағанын айтады.
-Біз СҚО, Атырау және Ақтөбе командаларымен бір топқа түстік. Үш құраманы да жеңіп, топтан іріктеліп шықтық. Жартылай финалда астаналық командамен ойнадық. Ол да дайындығы мықты, үздік командалардың бірі. Сондықтан оларды жеңу біраз күшті қажет етті, дегенмен 1:0 есебімен алға шықтық. Бүгін финалда Шымкент құрамасын 4:0 есебімен ұттық. Бізді қолдап келген жанкүйерлерге үлкен алғыс білдіремін, - дейді Жарқынбаев Айтуған.
Жиында сөз алған Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов Халық спорты ойындарын Қазақстанның Олимпиадасына теңеді. Ол республика көлеміндегі 4 жылдықтың басты бәсекесіне қатысқан спортшыларға сәттілік тілеп, жеңімпаздарға құттықтау лебізін арнады.
4 жыл сайын өткізілетін ауқымды шара 2014 жылы Өскемен қаласында өткен. 55 жылдық мерейтой қарсаңында Ақтауда бас қосқан спортшылардың келесі жарысы қайда өтетіні әзірге белгісіз.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="61915,61910,61909,61907,61906,61905,61904,61902"]