ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы Данияр Елеусіновтің жүлдесіне арналған републикалық жарысқа қатысушылар екі алтын мен үш күміс медальді қанжығаларына байлады. Бұл туралы Маңғыстау облысы бокс федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Жекпе-жекке Спортшылар Орал қаласы, Түркістан, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда облыстарынан және Тәжікстан, Өзбекстан респбликаларынан 60 спортшы қатысып, өз бақтарын сынады.
Алғашқы алтын медальды 81 келі салмақтағы маңғыстаулық Ерік Әлжанов қоржынға салды. Ал екінші алтынды 91 келі салмақтағы Мағжан Базарбай иеленді. Сондай-ақ күміс жүлдеге Махмұд Әл-Мұхаммед (63кг), Арман Нұрасылов (75кг) және Нұрлан Сабыров (81кг) ие болды.
- Турнирге ең мықты деген спортшылар қатысты. Кездесу өте әсерлі болды. Шайқас қиындау болғанмен, барлық жігіттер алға қойған мақсаттарына жете білді, сондай-ақ маңғыстаулықтар үздік үштікке енді, - деп атап көрсетті МО бокс федерациясы.
Айта кетейік, республикалық турнир 19 мен 23 қыркүйекте Орал қаласында өткен болатын.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ