ФИФА тұжырымы бойынша «Жылдың үздік футболшысы» атағына Хорватия құрамасы мен Испанияның «Реал Мадрид» командасының жартылай қорғаушысы Лука Модрич қол жеткізді. Хорват футболшысы Мысыр құрамасы мен Англияның «Ливерпуль» командасының шабуылшысы Мохамед Салах пен Португалия құрамасы мен Италияның «Ювентус» клубының жартылай қорғаушысы Криштиану Роналдумен бәсекеге түскен еді.
Аталмыш марапаттау рәсімінде Франция құрамасының бас бапкері Дидье Дешам «Ең үздік бас бапкер» номинациясында топ жарды. Франция құрамасы биыл Ресейде өткен әлем біріншілігінде чемпиондық атаққа қол жеткізген еді. Дидье Дешаммен бірге бұл атаққа Хорватия құрамасының бас бапкері Златко Далич пен Испанияның «Реал» (Мадрид) командасының бас бапкері Зинедин Зидан ұсынылған еді.
Ал француз Рейнальд Педрос әйелдер футболында үздік бас бапкер атанды. Жылдың үздік әйел футболшысы атағын бразилиялық Марта алды.
Бельгия құрамасының қақпашысы Тибо Куртуа «Ең үздік қақпашы» атанды. Ол француз Уго Льорис және даниялық Каспер Шмейхель секілді әріптестерін артқа тастап кетті.
Англияның «Ливерпуль» және Мысыр құрамасының шабуылшысы Мохамед Салах ФИФА тұжырымы бойынша ең үздік голдың авторы атанды. Ол атақты шабуылшы Ференц Пушкаш атындағы премияға ие болды.
Ал Перу фанаттары үздік жанкүйер ретінде жеңімпаз болды. Олар Жапония мен Сенегал жанкүйерлерінен басым түсті.
Ал ФИФА тұжырымы бойынша символикалық команда анықталды. Оған Давид де Хеа («МЮ» / Испания) - Дани Алвес («Ювентус» / Бразилия), Серхио Рамос («Реал Мадрид» / Испания), Рафаэль Варан («Реал Мадрид» / Испания), Марсело («Реал Мадрид» / Бразилия) -Лука Модрич («Реал Мадрид» / Хорватия), Нголо Канте («Челси» / Франция) - Лео Месси («Барселона» / Аргентина), Килиан Мбаппе («ПСЖ» / Франция), Эден Азар («Челси» / Бельгия), Криштиану Роналду («Реал Мадрид», «Ювентус» / Португалия) секілді саңлақтар лайықты болды.
Дереккөз: inform.kz