Бұған дейін сайтымызда қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті орындарының бірі теңіз жағалауының «кішігірім базарға» айналып кеткені, жағадағы сауданы ретке келтіру туралы халықтың шағымдағы туралы жазған болатынбыз. Енді Ақтау қаласының әкімдігі 14 "а" - 15 "а" шағынаудандағы теңіз жағалауын «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының сенімгерлік басқаруына беруде. Бұл туралы Ақтау қаласы бойынша кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Демеуғали Баков хабарлады.
- Ақтау қаласы әкімдігінің қарамағындағы 14-15 шағынаудан аралығындағы жағалаудың бір бөлігін бес жыл мерзімге «Каспий» ӘКК-ге сенімгерлік басқаруға беру туралы шешім қабылданды. Қазір құжаттарды реттеу жұмыстары жүруде, - деді Демеуғали Баков.
Жағалау абаттандырылғаннан бері бұл жер кішігірім сауда нүктелері мен балаларға арналған машиналарды, велосипедтерді жалға берушілердің тұрақты жұмыс орны болып кеткені рас. Әзірге жағалаудағы сауда мен ойыншықтарды жалға берудің қалай ұйымдастырылатыны айтылған жоқ. Бірақ сауда мүлдем жойылады деуге болмайтын сияқты.
Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың наурыз айында Ақтау қаласы әкімдігі жеке кәсіпкер «Ақтау-сервис» жыл соңына дейін меморандум жасасқан. Келісімге сәйкес, жеке кәсіпкер 14 "а" және 15 "а" шағынаудандарындағы теңіз жағалауын күтіп ұстауы тиіс болатын. Есесіне компания өзіне сеніп тапсырылған аумақта балмұздақ сатып, велосипедін жалға бергісі келетіндер сияқты түрлі сауда нүктелерін орналастырып, олардан айына төлемақы алып отырады. Осы меморандумның негізінде «Ақтау-сервис» 24 кішігірім кәсіпкер келісімшарт жасасқан. Олардың 14-і машиналар мен велосипедтерді жалға берумен, 8-і ойыншық сатумен айналысады. Бұл туралы сайтымызға «Ақтау-сервис» мекемесінің директоры Өтеулі Нұрысжанов айтқан болатын.
https://www.youtube.com/watch?v=27V3zdAXnHsӘкімдіктегілер "меморандум жасалғаннан кейін заңсыз сауда мен ретсіз қызмет көрсетушілердің саны 1,5 есеге азайды және жағалауды күтіп ұстауға кететін бюджет қаржысы үнемделді" деп отыр. Бұрын жағалауда 40-тан аса кәсіпкер өз жұмысын заңсыз жүргізіп келіпті.
Сонымен қатар, Ақтау қаласының әкімдігі 9 "а" шағынаудандағы теңіз жағалауында кәсібін жүргізу үшін 5 жеке кәсіпкерге (1 батут, 1 тир, 1 кофе, 1 тез дайындалатын тағам, 1 ойын алаңы) рұқсат берген.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суретті түсірген автор