22 қыркүйек күні фейсбук əлеуметтік желісінде қаладағы кафелердің бірінде тәртіп бұзған үш азамат жайлы бейнежазба жарияланды. Бейнежазбадан байқағанымыздай, олар даяшыдан түбіртекті мемлекеттік тілде әкелуді талап етіп, әкелмеген жағдайда төлеуден бас тартатындарын жеткізген. "Олар - мемлекеттік қызметшілер" деген ақпармен аталмыш видео желі қолданушылары арасында тез таралды.
Бейне көріністерді зерделеген ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті «Үш азаматтың біреуінің ғана мемлекеттік қызметші, яғни көк жейдеде отырған азамат мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданған және бүгінгі таңда үш ай сынақ мерзімінен өтуші Ақтау қаласы әкімі аппаратының бас маманы Е.Анесов екенін» анықтаған.
Ал қалған екі азаматтың мемлекеттік қызметші еместігі белгілі болған. Бейнекөріністегі негізгі оқиға кафе қызметкерлері мен басқа жеке тұлғаның (мемлекеттік қызметкер емес) арасында орын алған.
Сондай-ақ департамент жазбасында «Е.Анесовтың мемлекеттік қызметші бола тұра, басқа азаматтардың қоғамға жат әрекеттерді жасауына жол бермеудің орнына бетін бүркемелеп әрекетсіздік танытқаны (Әдеп кодексінің 7 тармағы 3 тармақшасы), кафе қызметшісіне балағат сөз айтқаны (Әдеп кодексінің 5 тармағы 2 тармақшасы) үшін аумақтық департамент өз тарапынан Ақтау қаласы әкімінің атына тиісті шешім қабылдау жөнінде ұсыныс енгізіп, қабылданған шешімдер жөнінде қосымша ақпарат жариялайтын болады», - делінген.
Бұдан басқа, Маңғыстау облысының Ішкі істер органдарының мәліметінше, мемлекеттік қызметші Е.Анесовке қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 434 бабы 1 бөлігімен (ұсақ бұзақылық) және құқық қорғау органы қызметкерлерінің заңды талабына бағынбағаны үшін өзге екі азаматқа қатысты осы Кодекстің 667 бабы 1 бөлігімен әкімшілік құқықбұзушылық хаттамалар толтырылып, одан әрі сот органдарына жолданатын болады.
Айта кетейік, мемлекеттік қызметші Е.Анесов құқық қорғау қызметкерлері келгенге дейін оқиға орнынан кетіп қалуына байланысты оның масаң күйде болған-болмағанын тиісті құзырлы органдар анықтай алмаған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Бейнеу ауданы әкімі аппаратының басшысы Г.Бакытова әлеуметтік желіде әдепсіздік көрсеткені үшін әдеп жөніндегі өкіл қызметінен босатылып, Маңғыстау облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменттің баспасөз қызметінің жетекшісі Д.Бухарбаева сөгіс алған болатын.
Ақтаудағы екінші деңгейлі банктің бірін 8 ай бойы әуре сарсаңға түсірген «Ақтау қалалық жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Е.Кенғанға ескерту берілген.
Биыл өңірде әдепке бағынбаған мемлекеттік қызметшілер қарасы көбейген. Себебі 2018 жылдың алты айының қорытындысында 11 мемлекеттік қызметші түрлі дәрежеде тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
P.S. "Қала әкімі аппаратының мемлекеттік құқықтық жұмыс бөлімінің бас маманы Ерғали Анесовтің үстінен қызметтік тексеріс тағайындалды", - деп хабарлады Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Скриншот аталмыш бейнежазбадан алынды