«Маңғыстауда мемлекеттік қызметшілердің тарапынан заң бұзушылыққа жол беру дерегі жылдан жылға артып отыр. Жыл басынан бері жеке және заңды тұлғалардың өтінішін қарау нәтижесінде 11 мемлекеттік қызметші түрлі дәрежеде тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Ал 2017 жылдың 12 айында 14 адам ғана тәртіпке шақырылды», — деп хабарлады mangystaumedia.kz сайты ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облыстық департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәселен облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы И.Пищальникова, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының маманы А.Омарова, Қарақия ауданы әкімі аппаратының бөлім басшысы С.Әшірова «ескерту» түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылса, Бейнеу аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы А.Оралбаевқа «қатаң сөгіс» жарияланған. Сондай-ақ тәртіптік жазаға тартылғандардың қатарында Ақтау қаласы әкімі аппараты 2 қызметшісі, индустриялық даму және өнеркәсіп қауіпсіздігі комитетінің облыстық департаментінің 3 қызметшісі бар.

Департамент басшысы Н. Жанназарованың қатысуымен өткен жиында негізсіз берілген сыйақыны бюджетке қайтару туралы Қарақия ауданы әкімі аппараты, облыстық кірістер департаментіне 2 ұсыныс жолданып, 174 745 теңге мемлекет бюджетіне өндірілгені айтылды. Қазіргі уақытта облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінде заңсыз берілген сыйақының көлемі анықталып, оны бюджетке кері қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Департаменттің хабарлауынша, осы жылдың алты айында 6 қызметші арнайы қорға 10 заңсыз сыйлық тапсырған. Былтыр 2 қызметші 3 сыйлық тапсырған.

Департамент өз тарапынан Маңғыстаудағы мемлекеттік қызмет саласына мониторинг жүргізу жалғасатынын айтады.

Камшат ОҢҒАЛТАЙ,

Сурет сайттың архивінен

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз