Ақтау қаласының 55 жылдық мерейтойына орай салтанатты жиын өтті. Жиынға облыс басшысы Ералы Тоғжанов, қала әкімі Ғалымжан Ниязов, аудан әкімдері, мәслихат хатшылары, ардагерлер, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Салтанатты шара барысында бірнеше жылдық абыройлы еңбегімен, қоғамдық белсенділігімен ерекшеленген, өңірдің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан азаматтарды қала әкімі Ғалымжан Мұқырұлы Ақтау қаласының 55 жылдық мерейтойы төсбелгісімен марапаттап, «Ақтау қаласының құрметті азаматы» атағын табыстады. Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязов 13 адамды «Ақтау қаласының құрметті азаматы» төсбелгілерімен марапаттады. Олардың ішінде археолог Андрей Астафьев, еңбек ардагері және Ақтау қаласының құрылысшысы Жақсығали Джакиев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, күйші Роза Айдарбаева, Юрий Юрий Кержбаум, «Шалом» Еврей ЭКО-ның және «Чернобыль» аймақтық одағының төрағасы, Айгүл Қосанова және басқалар. 15 адам «Ақтаудың 55 жылдығы» мерейтойлық медальдарымен марапатталды. - Елбасымыз «Маңғыстау тұрғындарына адамдар өмірінде тым құрығанда бір рет болып көруді армандайтын жерде тұру бақыты бұйырған» деп баға берген болатын. Ал біз сол Маңғыстаудың бас шаһары Ақтаудың тұрғындары екенімізді әрдайым мақтан тұтамыз. Оны одан әрі дамытып, көркейту – біздің парызымыз, - деді Ералы Лұқпанұлы. - Ақтаудың 55 жылдық, облысымыздың 45 жылдық мерекесімен баршаңызды құттықтауға рұқсат етіңіздер. Ақтау қала болмастан бұрын мұнда тірлік 1957 жылдан басталған. «1963 жылы қала болады» деген мақсатпен мұнда қызу жұмыс атқарылды. Мұнай да табылды, газ да шықты, мемлекеттік қызметкерлер де орын тапты. З шағынаудандағы «Дружба» атты кинотеатрымыз 1962 жылы ашылды. 55 жылдыққа жиналып отырған сіздер «болмағанды айтты» деп маған сенбессіздер. Мен сол уақытта келіп, осы жердің ащы суын ішіп, газ, отын жоқ шақта қиындықтың бәрін көрген, өткен ғасырдың екінші жартысы мен ХХІ ғасырдың төрттен бірінің куәгерімін. 60 жылдың үстінде Ақтаудың өсіп, өркендеп келе жатқанының тірі айғағымын. Мұнда сол уақытты ыстыққа күйіп, суыққа тоңып еңбек еткен адамдардың қолтаңбалары қалды ғой. Соларды еске сақтауларыңызды, тағзым етулеріңізді сұраймын. Еңбектерің жемісті болсын, марапат алған жандарды шын жүректен құттықтаймын, - деп естеліктерімен бөлісті 92 жастағы ардагер Қымбат Идрисова. Жиын соңы ҚР Мәдениет қайраткерлері Розы Рымбаева, Ұлықпан Жолдасов, Айгүл Қосанова сынды елге белгілі және жергілікті өнерпаздардың мерекелік концертімен жалғасты.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ