Қаланың мерейтойы қарсаңында Президенттік мұрағат пен Маңғыстау облыстық мұрағатының ұйымдастыруымен «Астана – ұлы дала жүрегі, Ақтау – теңіз жолы тірегі» атты көрме өтті. Онда Ақтау қаласының тарихы мен тыныс-тіршілігенен сыр шертетін фотосуреттер, құжаттар қойылды. Абай атындағы мәдени-демалыс кешеніне жиылған көпшілік салтанатты жиын алдында көрмені тамашалап, 160-тан астам тарихи құжаттармен танысты.
-Мұнда алдымен Астананың 20 жылдығына орай дайындалған 80 құжат бар. Қалған 80-і Маңғыстау облысының архивінен алынды. Мұрағатты қарай келе, Ақтаудың 55 жыл бұрын құрылғаны жөніндегі мәліметтерді де осында әкеліп отырмыз. Кішкентай ауылдан қалай үлкен қалаға айналғанына дейін көруге болады. 12 тамызда осында бес елдің басшылары бас қосқан саммит өтті. Сол халықаралық шараның фотосуреттерін алғаш рет осы көрмеге қойдық, - дейді ҚР Президенті архиві Құжаттарды ұйымдастыру басқармасының басшысы Бөлеген Қасенов.
Ұйымдастырушылар құжаттар мен фотосуреттер арқылы өңірдің тарихын, дамуын, бүгінге дейінгі жүріп өткен жолын көрсетуге тырысқан. Ақтаудағы әрбір нысанның бой көтеру кезеңі, Елбасының киелі өлкеге сапарлары тұтастай көрмеде бейнеленген. Сондай-ақ 20 жылдық тарихы бар Астананың сәулеті, айшықты ажары да көрініс тапқан. Экспо ғимараты, Бәйтерек, Ханшатыр сынды ірі нысандардың құрылысын да тамалашауға мүмкіндік туды.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="61648,61649,61650,61651"]