Ақтау қаласының 55 жылдық мерекесіне орай Маңғыстауда ҚР Президенті Н.Назарбаевтың жүлдесі үшін VI халық спорты ойындары басталды. Халық спорты ойындарына республикамыздың барлық өңірінен 2 мыңға жуық спортшы келген. Спорттық сайыстың ашылу салтанаты Каспий теңізінің жағалауындағы дала сахнасында өтті. Салтанатты шараға Маңғыстау жұртшылығы, Ақтау қонақтары куә болды.
Мерекелік шарада Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері Комитеті төрағасының орынбасары Бекболат Байжанов спортшыларға сәттілік тілеп, спорттық сайысқа старт берді.
«Алдымызда барлық деңгейдегі командалардың кәсіби деңгейін көтеру, спорттық ұйымдарды көбейту, облыстың құрама командаларының әзірлігін арттыру сынды жоспарлар тұр. Осы ретте үздік халықаралық тәжірибе мен әдістерді қолдана отырып, бапкерлердің саны мен сапасын арттыруды жалғастырамыз», - деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Халық спорты ойындары Алғаш рет 1998 жылы Астана қаласында өткізілген екен. Содан бері ҚР Президенті Н.Назарбаевтың жүлдесі үшін VI Халық спорты 4 жылда бір рет өтіп келеді. Бұл республикалық жарыста кәсіпқой спортшылар емес, салауатты өмір салтын серік ететін жандар өнер көрсетеді.
Спортшылар 25 қыркүйекке дейін волейбол, стритбол, шағын футбол, жағажай волейболы, үстел теннисі, қазақ күресі, гір тасын көтеру, қол күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, президенттік көпсайыс, стрит воркаут, спорттық бағдарлау сынды спорттық сайыстардың 13 түрінен бақ сынайды.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ,
Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="61796,61791,61792,61794,61795"]