Қырғызстанда өткен ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аяқталды деп хабарлайды Baq.kz ақпараттық агенттігі.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жабылу салтанаты Шолпон-Ата қаласындағы орталық ипподромда өтті. Лазерлік шоумен басталған шара, жүздеген бишілердің өнеріне ұласып, театрландырылған қойылым қойылды. Сахнада қазақтың «Қара жорға» биі орындалды. Бұдан соң көшпенділер ойындарының эстафетасын тапсыру рәсімі өтті.
Қырғызстанның Жастар істері, дене тәрбие және спорт агенттігінің директоры Қанат Аманқұлов эстафетаны Түркияның спорт және мәдениет министрінің орынбасары Хамза Ерликаяға тапсырды.
Қырғызстан премьер-министрі Мұхамедқали Абылғазиев ел басшысы Сооронбай Жээнбековтың ыстық сәлемін жеткізіп, ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жабылғандығын жариялады.
«Сөзімнің басында президент Сооронбай Жээнбековтың ыстық ризашылығын айта кеткім келеді. Бұл жоба мәдениет пен көркем өнер, спорт ынтымақтастығының символы болып қалады. Алғашқы көшпенділер ойындарына 7 ғана мемлекет қатысса, бүгін 82 елден спортшы атлеттер қатысып жатыр. Көшпенділер ойындарынан 778 отандық, 550-ден астам шетелдік БАҚ өкілдері ақпарат таратып жатыр. Біздің еліміз осынау үлкен спорттық шара арқылы, ірі масштабтағы іс-шараларды өткере алатындығын дәлелдеді. Осынау шараны өткеруге ат салысқан демеушілерге, меймандарға ризашылығымды білдіремін. Алған бәйгелеріңіз құтты болсын! Көшпенділердің күш бірлігі, рух бірлігі бекем болсын! Көшпенділер ойындарын салтанатты түрде жабық деп жариялаймын, - деді М.Абылғазиев.
Мерекелік бағдарламаны 10 мыңнан астам шетелдік және жергілікті жанкүйерлер тамашалады.
2-8 қыркүйек аралығында өткен көшпенділер ойындары 80-нен астам елдің 3000-ға жуық спортшысы қатысты. Олар 37 спорт түрінен бақ сынады. Дүбірлі додада Қазақстанның намысын 34 спорт түрінен 134 спортшы қорғады.
Бір аптаға созылған көшпенділердің байрақты бәсекесінде ел құрамасы 72 медальмен екінші орынға жайғасты. Біздің қоржында 18 алтын, 24 күміс, 30 қола медаль бар. Бірінші орынды жарыс қожайындары Қырғызстан құрамасы иеленді. Олар 37 спорт түрінен сынға түсіп, 40 алтын, 32 күміс, 31 қола, жалпы 103 жүлдені жеңіп алды. Үздік үштікті 56 медальмен Ресей Федерациясы қорытындылады. Олар да 17 алтын, 24 күміс, 27 қола алды.
Келесі дүниежүзілік көшпенділер ойындары екі жылдан кейін Түркия елінде өтеді.
Сурет ғаламтордан алынды