Ақтауда Өңірлік коммуникациялар алаңында «Маңғыстау облысы футболының дамуы» тақырыбында брифинг өтті.
Шараға Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбек Қарабалаев, кәсіби футбол клубы басшысының міндетін атқарушы Юн Виталий, «Каспий» кәсіби футбол клубының даму бойынша менеджері Владимир Рибич. «Каспий» кәсіби футбол клубының бас жаттықтырушысы Иван Пудар және «Каспий» футбол клубының вице-капитаны Азат Жұмкенов қатысты.
Айта кетейік, Каспий футбол клубының матчтары алаңның жөндеу жұмыстарына байланысты Маңғыстауда 2 жыл көлемінде ойнатылмады. «Жас Қанат» спорт кешенінің жөндеу жұмыстары жүргізіліп, алаңға жарықтандыру құрылғылары толығымен қойылды, электронды тақтай және жаңа футбол қақпасы орнатылды. Дегенмен бұл уақыт аралығында «Каспий» өзге қалаларда ойнап жүрді. Алдағы өтетін ойын туралы «Каспий» футбол клубының вице-капитаны Азат Жұмкенов былай деді:
«22 қыркүйек күні «Жас Қанат» футбол алаңында «Қайрат» пен «Каспий» футбол командаларының ойыны өтеді. Жанкүйерлерге келіп қатысуларын сұраймын. Біз жеңіс үшін барымызды саламыз және жеңеміз деп ойлаймын. 2,5 жыл уақыт футбол ойналмады, ол үшін кешірім сұраймын. Қазіргі таңда командаға адамдар жиналуда. Бұл командалық ойын болғандықтан біртіндеп бір-бірімізді түсініп келеміз, жеңетінімізге сенімім зор», - деді ол.
Команда құрамында 19 бен 33 жас аралығындағы ойыншылар ойнайды. Олардың арасында Хорватия, Сербия елдерінен шақырылған үш азамат бар. Мамандар болашақта тек Маңғыстаудан ғана емес, Астана, Тараз қалаларының ойыншыларын да командаға тартатындарын жеткізді.
«Қайрат» пен «Каспий» футбол клубтарының ойыны маңызды ойын болмақ. Себебі «Қайрат» бүгінгі таңда мықты командалардың бірі, екіншіден, жігіттердің ауылда, жерлестерінің қасында ойнауы - керемет жаңалық. Жеңіске деген үмітіміз зор. Мұндағы ойын жігіттерге рух беріп, шабыт беретін жігерлі ойын боларына сенімдімін. Егер жеңіп жатса, «Каспий» футбол клубына әрі қарай жаңа мүмкіндіктер ашылады деп ойлаймын. Тек қолдауымыз қажет», - деді Нұрбек Қарабалаев.
Брифингте сөз алған «Каспий» кәсіби футбол клубының бас жаттықтырушысы Иван Пудар Ақтауға келгендегі өз әсерімен бөлісті.
«Осындай Каспий теңізінің жағасында орналасқан әдемі қалаға келгеніме өте қуаныштымын. Адамдары өте жағымды, тартымды. Жастардың спортқа қызығушылығы ерекше екен. Бұл мен үшін және футбол үшін өте маңызды», - деді ол.
«Бүгінгі таңда «Жас Қанат» футбол алаңы Маңғыстау облысының тапсырмасымен жөндеуден өткізілді. Қазір стадион 93 пайызға пайдалануға дайын. Көптен күткен ойындарымызды алаңнан тамашалай аласыздар. Біздің команда қайта оралды. Ендігі мақсатымыз -жаттықтырушылардың құрамын көбейту. Облыс әкімі Ералы Лұқпанұлына алғыс білдіремін. Жақын арада біздің футбол командамыз Арсенал-Киевпен ойнамақшы», - деді кәсіби футбол клубы басшысының міндетін атқарушы Юн Виталий.
Айта кетейік, 22-қыркүйек күнгі «Қайрат-А» мен «Каспий» футбол ойынына кіру тегін. Футбол сүйер қауым жерлестерімізге жанкүйер болып келе алады.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ