Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтылды.
Брифингте жаңартылған білім мазмұны, жаңа оқу-жылындағы өзгерістер, жаңа оқу жылына дайындық сөз болып, білім саласына қатысты түрлі сауалдарға жауап алынды.
Биыл жаңа оқу жылында 134 129 оқушы мектепке барды. Оның ішінде 16600 оқушы - 1 сыныпқа қабылданғандар. Жаңа оқу жылынан бастап – 143 мемлекеттік, 5 жекеменшік, 7 кешкі мектеп жұмысын бастады. Облыс бойынша үш ауысымды мектептерді болдырмау үшін 6300 орындық 9 жаңа мектеп ашылды.
«Жаңа оқу жылынан бастап Маңғыстау облысының барлық мектептері 100% электронды журналға көшті. Қазір қағаз күнделік қолданылмайды. Әр мұғалімнің жұмыс үстеліндегі жеке компьютеріне интернет қосылған. Базаға кіріп бағаны қояды», деді МО білім басқармасы мониторинг және талдау бөлімінің басшысы Зоя Еламанова.
Оның айтуынша, мұғалімдердің аттестациядан өтуі ерікті. Сондай-ақ ол жаңартылған білім мазмұны бойынша білім берген мұғалімдерге үстемақы төленетінін айтты.
"Жаңа оқу жылында 3,6,8 сыныптар жаңартылған білім беру мазмұнына көшті. Облыс бойынша 333 жаратылыстану пәні мұғалімдері ағылшын тілін үйреніп, курстардан өткен. Олар В1, В2 деңгейін меңгеріп шықты. 396 мұғалім В1, В2 деңгейін жылдың аяғына дейін меңгереді деп жоспарланған. Жаңартылған білім беру мазмұнымен берген білімі үшін базалық лауазымдық ақыдан 30%-дық үстемақы беріледі. Өткен жылы 1,5,7 сыныптардағы 5066 мұғалімге төленді. Қыркүйек айынан бастап қосымша 3,6,8 сыныптардағы 983 мұғалімге төленетін болады. Ал аттестаттаудың жаңа жүйесі бойынша қыркүйек айынан бастап 1278 мұғалімге базалық лауазымдық ақыдан 30-50% аралығында үстемақы берілу үшін республикалық бюджеттен тиісті қаражат бөлінді", - деді Зоя Еламанова.
«6 жасқа толмаған балаларға биыл министрліктің бұйрығы шықты. Бұйрығына өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Биыл енгізілген министрліктің жаңа бұйрығы бойынша, осы жылдың соңына дейін 6 жасқа толатын балалар міндетті түрде бірінші сыныпқа қабылданады. Ал 2019 жылдың бірінші қаңтарынан бастап, міндетті түрде сол жылы алтыға толатын бала оқуға бірінші сыныптан оқытылады», - деді Зоя Жетпісбайқызы.
Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін сатып алуға жергілікті бюджеттен 1 млрд. 546 млн 512 мың қаржы бөлінді. Бөлінген қаржыға 3,6,8 сыныптардың оқулықтарын алуға және қор жинау циклы бойынша басқа сыныптарға жетіспейтін оқулықтар мен оқу құралдары сатып алынған.
Сонымен қатар мамандар биыл облыс бойынша 250 кадр тапшылығы байқалып отырғанын да атап өтті.
МО Білім басқармасы тәрбие бөлімінің басшысы Құралай Газинова хиджаб мәселесіне де тоқталды.
«Білім министрлігі 2016 жылы қаңтардағы бұйрығына сәйкес барлық мектептерде ата-ананың қауымдастығымен бірігіп, мектеп формасы мен мектеп ережелері бекітілді. Өткен жылы мектеп формасына бағынбай келген 87 оқушы анықталса, бүгінгі таңда 4 оқушы болды. Ол Жаңаөзен қаласынан 1 оқушы және Мұнайлы ауданынан 3 оқушы. Олардың ата-аналарымен шұғыл түрде жұмыстар жүргізіліп, қазіргі таңда балалар мектепке мектеп формасымен келіп отыр. Ал кейбір хиджаб киетін оқушылар мектепке дейін киіп келіп, ал мектептің алдына келгенде хиджабтарын шешіп, мектеп формасын сақтап отыр», - деді ол.
Сондай-ақ білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы – 100% екендігін де айтты. Барлық білім беру ұйымдары тиісті құзырлы органдардан дайындық актісін алған.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ