Ақтау қалалық ауған соғысы ардагерлерінің «Бауырлас жауынгерлер» қоғамдық бірлестігі үстіміздегі жылдың мамыр айында бастаған акциясын Бейнеу ауданында жалғастырды. Бұған дейін Ақтаудағы Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде 1941-1945 ж.ж. соғысқа қатысқан маңғыстаулық ардагерлердің фотосуреттері көрмесін ұйымдастырған қоғамдық бірлестік осы көрмедегі портреттерді иелеріне тапсыруға кіріскен-ді. Жеңістің 73 жылдығына арналған «Жеңіске жақындатқандар» деп аталатын қайырымдылық акциясы Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында жүзеге асырылып жатыр.
Бейнеу ауданының Боранқұл ауылына ат басын бұрған «Бауырлас жауынгерлермен» бірге ауылдың белсенді жастары осында тұратын Отан соғысының ардегері Алуадин Орақұлының шаңырағында болды. Қоғамдық бірлестік төрағасы Матжан Шаулиев ардагер атаның омырауын Бауыржан Момышұлының «Батыр шапағаты» медалімен толықтырып, көрнекті портретін табыстады.
Жалындаған жастық шағын майдан даласында өткізген ардагер соғыстан кейінгі ғұмырын бейбіт елді қалпына келтіріп, экономикасын дамытуға арнаған. Бүгінде жасы ұлғайған ол мемлекет пен ұрпақтарының қамқорлығында.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Мемлекеттік қызметтің сапасы артудаГурьев облысының Жылой ауданының тумасы Алуадин Орақұлы 1943 жылы 18 жасында әскер қатарына алынып, сол жылы Курск шайқасында аяғынан жарақат алып, ІІ топтағы Отан соғысының мүгедегі боп елге оралған. Мүгедек болып қалған өрімдей жас ауылда еңбекке араласып, еліміздің өркендеуіне өзіндік үлесін қоса білді. Ол ауданның Аманкелді, А.И.Микоян, В.И.Ленин атындағы ұжымшарларында бас есепші қызметін атқарады. Ұжымшардың бастауыш партия ұйымының хатшысы болып сайланып, бірнеше рет аудандық партия конференциясына делегет болып қатысқан. 1954 жылы Бүкілодақтық ауыл шаруашылық көрмесіне қатысып қайтады. Бұл заманында үлкен мәртебе еді. Алуадин ата «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «ІІІ дәрежелі Курск шайқасындағы ерлігі үшін» медальдарымен, «Даңқ» және «І дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен, «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл» мерекелік медалімен және басқа көптеген марапаттарға ие болды. Тоғыз ұл-қыз тәрбиелеп өсірген ақсақал қазір балалары мен немере-шөберелерінің қызығына бөленген.
- Біздің мақсатымыз—халықты, әсіресе, жастарды Отанын сүюге тәрбиелеу, - дейді «Бауырлас жауынгерлер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Матжан Рамазанұлы. -Ардагерлеріміз күн санап азайып бара жатыр. Біз Ауғанстанда соғыстың не екенін көзімізбен көрдік. Өмірдің, Отанның қадірін жақсы білеміз. Енді ондай күнді көрмесін бүгінгі жастар. Дегенмен, бейбіт заманда мамыражай өмір сүріп жатқан мына ұл-қыздарымыз Отан үшін қан төгудің не екенін білуі керек, үлкенді құрметтей білуі тиіс. Бойында туған еліне деген сүйіспеншілігі бар халықтың іргесі ешқашан сөгілмек емес.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="60506,60507"]