Түпқараған! Киелі Маңғыстаудың батысында төңірегін ұланғайыр Каспий теңізі қоршай орналасқан табиғаты да, тарихы да орасан бай тамаша аудан. Маңғыстау ауданындағы үш түбектің бірінің атымен аталады. 1992-жылы шілде айында құрылған. Аудан орталығы- Форт-Шевченко қаласы. 1963-жылға дейін мұнда Шевченко ауданы болды. Аудан Түпқараған түбегін, шығысқа қарай теңіз жағалауын бойлап, Бозашы түбегінің батысын бауырына бөктеріп жатыр. Жер аумағы 13,3 мың шаршы шақырым болып келетін ауданның тұрғын саны- 23,9 мың адам (2014-жылғы есептеу бойынша).
Бұл түбекте түрікменнің атышулы ақындары Хатам, Дәулетиярлар жыр толғаған. Қазақ халқының ұлы жыраулары Сыпыра мен Мұрын өмір сүріп өткен өлке. Түпқараған-Маңғыстаудағы тұңғыш ескерткіш орнатылған және Қазақстандағы ең алғашқы радио байланысы болған жер. Форт-Шевченко, Баутин, Таушық, Ақшұқыр, Қызылөзен секілді елді мекендердің тарихының өзі бір төбе. Мұнда тарихи сәулет өнерінің ескерткіштері, көркі қайталанбас көрікті жерлер, өте ежелгі, алғашқы қауымдық құрылыс кезеңіне тән орындар, археологиялық қазба жұмыстарына сұранып тұрған көне қабаттар, айырықша әулиелі мекендер мен бағзы дәуірлердің жұмбақ жәдігерлерін, бауырына басып жатқан жерлер қаншама десеңізші?!
Бұл күндері Түпқараған аумағындағы тарихи-археологиялық және табиғи мұралардың саны жетпіске жуықтап отыр. Түпқарағанда жер асты қазба байлықтары орасан зор мөлшерде қордаланып жатыр, әрі сан алуан құрылыс материалдарын да көптеп кездестіруге болады. Жоғарыда сөз болған жайлардан Түпқараған ауданының қай жағынан алып қарасақ та жан-жақты, сан қырлы, ғажайып аймақ екендігіне көз жеткізе отырып, осынау өңірде туризмді барынша дамытуға әбден болады деп ойлаймын. Оған толықтай мүмкіншілік барлығына шүбәланбаймын. Мұны төменде баяндайтын боламыз. Әлі-ақ Түпқарағанның тамсантар, таңғажайып туристік орындардың біріне айналары сөзсіз.
Туризм – біздің Түпқараған ауданы үшін тың сала. Аймақта туризмді дамыту үшін кешенді шараларды қолға алу қажет. Ауданның, бұл орайда туристік мүмкіншілігі, қолайлы географиялық құрылымы, Қазақстанда айырықша қорғауға алынған нысандар қатарына кіретін табиғи-тарихи ескерткіштері де көптеп саналады. Мұның өзі, Түпқарағанда туризмнің бірнеше түрін қатар дамытуға мол мүмкіншілік туғызады. Ол үшін туризм тұғырын бекітетіндей белсенді жұмыстар жүргізуге тура келеді. Ауданда туризмді дамыту ісі әлі де болса уақыт талабынан төмен екенін мойындауға тиіспіз.
Туризм, тек қана экотуризмді тамашалау ғана емес, табыс саласының бір бөлігіне айналып кеткендігін шетелдік басылымдардың мәліметтерінен оқып, көріп-біліп жүргендігіміз жасырын емес. Әлемдік сарапшылардың пайымдауынша, туризм дүние жүзіндегі жалпы ұлттық өнімнің оннан бір бөлігін, халықаралық инвестицияның он бір пайыздан астамын, әлемдік өндірістің әрбір тоғызыншы жұмыс орнын қамтамасыз ететін көрінеді. Бүгінде халқы тек қана бірыңғай туризмнен түскен табыспен күн көріп отырған елдер де бар. Олардан, жері де, табиғи байлығы да, археологиялық және тарихи ескерткіштері де артық болмаса, кем емес Түпқараған ауданы Ұлы Жібек жолы бойында орналасқандығымен-ақ туризмді дамытуға өзінен- өзі сұранып тұр емес пе!?
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев, Қазақстанның бай табиғаты, қайталанбас тарихи-мәдени ескерткіштері елімізде туризм индустриясын өркендетуге мол мүмкіндік беретіндігін айтып, өзінің жыл сайынғы Жолдауларында туризмді ел экономикасының тұрақты дамуының басым бағыттарының бірі ретінде кәдеге жаратуды ұдайы ұсынып келеді.
Осы орайда шөлейтті өңірге жататын Маңғыстау өңіріндегі таңғалдырар экзотикалық көріністердің өзі неге тұрады!? Әзірге Кендірлі жеріндегі демалыс аймағын тілге тиек етіп келеміз. Түпқараған ауданында мұндайға тіленіп тұрған табиғи демалыс орындар жеткілікті. Тек соларға географиялық тұрғыдан сараптама жасау, туристік мақсатта пайдалануға болатын ресурстарды анықтау, оларды дамытуға қолайлы орындарды белгілеу, карта-сызбасын түсіру және соған байланысты туристік орындарға қажетті алғашқы алғы шарттарды пысықтап, бекіту жұмыстары қолға алынуы тиіс деп білемін.
Туризмді дамытып, өркендету – Түпқараған ауданы көлеміндегі зор келешегі бар жұмыс. Туризмді тек қана емделіп, демалу орны немесе табыс түсіру нүктесі деп біржақты қарау түсініксіз. Ол сайып келгенде туған табиғатымызды аялау, бүлінушіліктен қорғау, т.с.с. жағдайларымен өзектес өріліп жатыр.
Түпқарағанда туризмді дамытудың өзге де жолдарын қарастыруға әбден болады. Яғни тек қана санаулы туристік орындармен шектеліп қалмай, жалпы Түпқараған ауданы аумағы бойынша дайындалған экскурсия-саяхат сызбасы арқылы, ауданның әр жеріндегі шоқтығы биік, аңызға арқау болған шежірелі орындарда болу, түрлі-түрлі табиғи қалыптағы тұрпаттарымен қызықтырар көріністердің қасына барып тамашалау, ескерткіш суреттерге түсу, көне көш соқпақтары мен керуен жолдарын көріп, танысу, «Жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен» делінетін Маңғыстау аймағының, оның ішінде Түпқараған топырағындағы «қара жұрттарды» көріп-білу, тағысын-тағылар, туристік саяхаттың соқталы бір тармағы болған болар еді-ау... Осы айтқандарымыздан шығады, Америка құрама штаттарында ұлттық парктерден бастап ұлттық зират, ұлттық мемориал, ұлттық тарихи жер, ұлттық шайқас болған жер, ұлттық тарихи жол, ұлттық теңіз жағалауы, тарихи ескерткіш сияқты тағы басқа да жиырмадан аса категорияларды біріктіретін жүйелер қалыптасқан. Бізде де солай етуге әбден болады емес пе?!
Шақпақ ата- (Түпқараған ауданының орталығы Форт-Шевченко қаласынан 65, Таушық ауылынан 25 шақырым қашықтықта орналасқан. Сарытас шығанағы тұсында.)
Ғимараттың қай ғасырда салынғаны туралы әртүрлі болжамдар бар. Геолог Алан Медоев ІХ-Х ғасырлар десе, ғалым- архитектор М.Меңдіқұлов ХІV-ХV ғасырларда тұрғызылған дейді. Шақпақ ата жер асты мешіті Түпқараған ауданындағы бүгінге дейін бүлінбей жеткен ортағасырлық бірегей ескерткіш болып саналады. Ең бастысы осы жерден, яғни Шақпақ ата аңғарынан алғашқы қауымдық құрылыс адамдары пайдаланған алуан түрлі тас қарулардың, т.б.көне жәдігерлердің табылуы, бұл тарихи зират-мемориалдың мән-мағынасын, маңыздылығын арттыра түсетіндігі сөзсіз.
Сұлтанепе жер асты мешіті (Форт-Шевченко қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 57 шақырым) Ескерткіш ХІІ-ХV ғасырларға жатады. Сұлтанепе, Қожа Ахмет Иасауидің шәкірті болған.
Дәніспан-(Таушық ауылынан шығысқа қарай 7 шақырым) Дәніспан қорымы осы аттас таудың ең биік ұшар басына орналасқан (жерден 193 метр биіктікте). Ортағасырлық ескерткіш. Т.Шевченко «Дәніспан-мола, әулие» деген суретін салған.
Қаңға баба-(Ащымұрын мүйісіне оңтүстік бағытта 25 шақырым) Ежелгі елді мекеннің, бекініс-қамалдың, зираттың, және этнонимдік атау. Т.Г.Шевченко суретін салған.
Қарагөз-(Форт-Шевченко-Таушық жолының 21-шақырымында) Бұл кесене мемлекет қорғауына алынған.
Қарағаш-(Сарытастың батысында 13 шақырым жерде) Қарағашты әулие көне ескерткіштердің біріне жатады.
Қырық шілтен- (Сарытастан батысқа қарай 16 шақырым жерде).
Сақа баба-(Таушық ауылының терістігіндегі Ембі тауының биігіндегі зират. Әлі күнге толық зерттелмеген. Көне қорымдардың бірі).
Шейхі баба- (Таушық ауылынан 7-8 шақырым жерде. Көне қорымдық).
Доллы апа- (Ақтау-Қаражанбас асфальт жолының 95-шақырымының батысында).
Калипан- (Ақтау-Қаражанбас асфальт жолының 29 шақырымының батыс бөлігінде).
Ақшора-Белтұран – (Форт-Шевченко-Таушық жолының 47 шақырымында орналасқан. Бірін-бірі сүйген ғашықтар. Қазақ жігіті мен түрікпен қызына қатысты салынған кесенелер.)
Үйтолы-(Таушық ауылының шығысында 3 шақырым жерде)
Ешкі қырған- (Таушық ауылының түстігінде 2.5 шақырым жерде).
Әжібаба – (Төбеқұдық жерінің солтүстік шығыс жағында 20 шақырым жерде орналасқан).
Кетібаба – (Форт-Шевченкодан 56 шақырым жерде).
Жиенәлі – (Таушық-Қаражанбас жолының солтүстігінде 15 шақырым жерде) т.б.
Қарағантүп- Қаратау- Үстірт- Ноғайлы жолы.
Қарағантүп- Қаңға- Түбіжік- Үдек- Тарталы- Ұланақ- Жыңғылды- Аусары- Өтес- Жем.
9.Тарихи,әдеби мемориалдық жасанды парктер (Бұларды Түпқараған ауданының кез-келген жерінде ұйымдастыруға болады). А) Үшауыз жерінде, Иса-Досан мемориалдық паркін жасақтау. (1870 жылғы шаруалар көтерілісіне қатысты жиынтық мемориалдық парк). Ә) «Қырымның қырық батыры» паркі – Форт-Шевченко қаласындағы Мұрын жырау мұражайы жанынан ұйымдастыруға болады.
Түпқараған ауданында туристік орындар үшін пайдалануға болатын жерлер: а) Тамшалы. ә) Саура. б) Қапы. в) Жығылған немесе Ащымұрын мүйісіндегі теңіз жағалауы. г) Сарытас теңіз жағалауы.
Түпқараған ауданында, Қапы туристік комплекс-паркін салу туралы автордың жеке жобасы.
Әуелі Қапы жөнінде қысқаша түсінік бере кетейін. Қапы- Түпқараған ауданына қарасты Таушық ауылының терістігіндегі сегізінші көмір шахтасы орналасқан сайдың желке тұсындағы таудың (Ембі тауы) ортасы қақ жарылған ашық, аңғарлы жері. Сонау VІІ-VІІІ ғасырлардағы орхон ескерткіштерінің руналық жазуларында қапы (қақпа) түрінде кездессе, түрікмен және қарақалпақ тілдерінде, қапы-есік деген мағынаны білдіреді. Бұған қарағанда қапы сөзі түркі тілдерінің көпшілігіне тән болып келетіндігі көрініп тұр.
Қапыны туристік орынға айналдырудағы мақсат оның мынадай ерекшеліктеріне байланысты: а) Қапы аңғарының ішкі-сыртқы әдемі көрінісі; ә) Қап ішіндегі көне құдықтар мен тас астаулар; б) Тіп-тік таудың бауырындағы шар тәріздес, кісі бойынан асатын, қашалып жасалған құпия жазулары бар аумақты дөңгелек тас пен соның көлеміндей күп және тау етегіндегі мәуелей өскен тұт ағашы; в) Қапы ішін бойлай аққан ащыағар сулары мен Таушықтан Сарытасқа дейін тартылған теміржолдан қалған бейне-белгілер; г) Қапы ішіндегі «Елбасқан» жері; д) Аңғар бойлап қаптай өскен жыңғыл ағаштары, тау шыңдарының төбесінен қарап тұрған арқарлар... жақын жердегі теңіз, т.б. «мен осы орынға лайықтымын» деп тұрғандай көрінеді.
Жоба-жоспар: 1) Қапы ауызына жақын жерден саяхатшылар көңілінен шығатындай туристік комплекс-парк тұрғызу. (Онда туристер үшін барлық жағдайлар туғызылған болуға тиіс.) 2) Тұрғын жайдан дөңгелек, таңбалы тас тұсына дейін аспалы көпір тартып, одан төмен тау етегіне түсетін тас баспалдақ жүргізу. (Мұндағы мақсат туристер шар тасты да, күпті де, тұт ағашын да, шыңдарды да, қысқасы жан-жағын түгел тамашалауға мүмкіндік алар еді). 3) Қапы аңғарының аяғы теңіз жағасына апарады. Сондықтан Қапы тұсындағы теңіз жағалауынан аумақты жағажай (пляж) жасақтау. (Ақ қайраңда күнге қыздырыну, суға түсіп, шомылу, т.б.). 4) Таушықтан жетінші шахтаға тартылған асфальтті және қиыршық тасты жолды 3 шақырымдай созып, Қапыға дейін жеткізу – басты міндет. 5) Қапы аңғарындағы назар аударарлықтай жер бедерлері бейнелеген түрлі-түсті буклет-альбомдар шығару. 6) Таушық ауылына және Қапыға кіре беріс жерлерге Қапы туристік базасының карта-схемасын көрнекті етіп, жасақтап қою. (Онда Таушық-Қапы жолы да анық көрсетілуі тиіс. 7) Қапы төңірегіндегі, алыс-жақын маңдағы тарихи ескерткіштерге, табиғаты көркем жерлерге саяхаттаудың да жоспары жасақталып, қарастырылуы қажет. Мысалы, мына сызбаға қараңыз:
Мен сызбасын сызып отырған Қапы туристік орнын салуға аз қаражат жұмсалмайтындығы белгілі. Этностилдегі қонақ үйін салу, асфальт жол салу, көпір тұрғызу, т.б. жұмыстарға кететін жалпы шығынды бүге-шігесіне дейін есептеп барып, құрылыс жұмысын бастауға болар. Бұл үшін Үкіметтен қаржылай қолдау болып жатса, құба-құп. Қол қусырып, қарап отырмай шетелдік инвесторларды да тарту мүмкіндіктерін қарастырғанның артықтығы жоқ. Менің бұл жоспар-жобам аталған тақырыпты толықтай аша алған дайын дүние деуден аулақпын. Тек осының жүзеге асуы үшін тұтасқан тамызық, ойландырарлық оймақтай ой ғана деу дұрыс болатын шығар.
Түпқараған ауданында туризмді дамыту мәселесі әлі де уақыт талабынан төмен екенін мойындауға тиіспіз. Ғайыптан тайып, күндердің күнінде осы ойлар жүзеге асып жатса, тек қана туристік комплекстің ішкі мүмкіндіктерімен ғана шектеліп қалмай, оған қоса, экотуризмді де қоса- қабат жүзеге асыруды қолға алу ләзім. Мәселен, Қапыға саяхаттап келушілерді арнайы жасақталған автокөліктермен Түпқараған ауданының қызғылықты да көркем жерлерімен, мысалы, «Тамшалы», «Саура», «Сұлтанепе», «Шақпақ ата», «Ақеспе», т.с.с. экзотикалық көріністі орындарға апаруға болар еді (жол-сызба жоғарыда көрсетілді).
Экотуризм аса бір ерекшелікті талап етпейді,әрі тұмса табиғатқа қызығушылық та басым түсері сөзсіз. Көркем бейнеленген көрмелер ұйымдастырып отыру да көңілден тыс қалмағаны жөн.
Қапы арқылы Каспий теңізінің күміс суына шомылып, жағалаудағы алтын құм мен ақ қайраңға жантайып жатып, денсаулықты күтіп, жан-жүйкемді демалтамын деген жандардың да діттегендері осы емес пе!? (Біздің, Қапы тұсындағы теңізден жағажай салу туралы ұсынысымыз да сондықтан айтылған).
Түпқараған-тарих пен шежіреге өте бай өлке. Басқаны айтпағанның өзінде мұнда тас ғасырынан басталған тарихи жәдігерлер көп кездеседі (Ол да біз сөз етіп отырған Қапының жанындағы Шақпақ ата аңғарында).
Мен Қапыны кездейсоқ таңдап алғаным жоқ. Өйткені онда және оның айналасында туризмді дамытуға байланысты қажеттіліктердің бәрі де бар десем, артық айтпаған болар едім. Қапы сонысымен де қызғылықты,сонысымен де қымбат!
Түпқараған ауданында туризмді дамытудың пайдалылығы сол, көптеген инфрақұрылымдардың (жол,байланыс,т.б.) жүзеге асып, басқа да салалардың дамуына ықпал етеді. Туризм-туған жеріміздің ежелгі және қазіргі тарихын, табиғи, жасанды мәдени ескерткіштеріміздің жай-күйімен, салт-дәстүріміз бен өнеріміздің өркендеуін насихаттауымен құнды. Ертеден келе жатқан көне мұраларымызды қалпына келтіруге, оның одан әрі сақталуына мұрындық болады.
Түпқараған ауданының ұшан-теңіз тарихының жинақталып, қағазға түсірілуіне де оңды ықпал етері сөзсіз. Туризмнің дамуы-жұмыссыздықтың азаюына, оның флорасы мен фаунасының өсіп-өркендеуіне, эстетикалық байлығымыздың сақталуына да оңды өзгерістер алып келер еді. Мен жоспар-жобасын сызған «Қапы туристік комплексі» жүзеге асқан жағдайда жоғарыда айтылған нәрселерге қол жеткізеріміз айқын. Түпқараған ауданының, оның ішінде аядай ғана Таушық ауылының тұрмыс-тіршілігінің одан әрі түзеле түсуіне, мәдени аясының кеңеюіне кең жол ашады.
Бұл күндері жергілікті туристік агенттіктер мен операторлар – барлығы бұрыннан қалыптасқан сыртқы туризмді қолайлы көреді. Мұның өзі біздің әлі де ішкі туризмді дамытуға ден қоймай отырғанымызды көрсетеді. Сондықтан қайткенде де ішкі туризмнің қуатын арттыру қажет. Сол үшін жұмыстану- кезек күттірмейтін міндет.
Еділбек ДҮЙСЕН