©
Ақтау қаласында оқушылар орталығында Хади Сәрсенбайұлы жүлдесіне арналған жасөспірімдер арасындағы қалалық шахмат турнирі өтті. Жарысқа 6-12 жас аралығындағы балалар қатысты.
«Хади Сәрсенбайұлы еңбек ардагері болған. Жарыс швейцар жүйесінде бес турдан өтеді. Яғни әр бала бес ойыннан ойнайды. 1-5 сыныптар мен 6-дан жоғары сыныптар болып екі топ бойынша жарысады. Жеңімпаздар I, II, III орындар бойынша марапатталады. Бәріне дайындалған жақсы сыйлықтарымыз бар», - деді шахмат үйірмесінің мұғалімі Ақберді Қалиев.
Қалалық турнирге 55 бала бағын сынауға келді. Оның ішінде 16-ы қыз, 39-ы ер бала. Жарыс үш сағатқа созылды.
«Мына оқу жылы қарсаңында көңіл-күй көтеріңкі болсын деген мақсатпен ұйымдастырылған шара. Шахмат - балалардың миын дамытатын, интеллектуалды, керемет ойын. Екі немерем де шахматқа қатысады. Қазір өте жақсы ойнап жүр. Шахмат пәнінің мұғаліміне және қалалық спорт бөліміне алғысымды білдіремін», - деді Сағынғали Хадиұлы.
Сайыс қорытындысы бойынша 1-5 сыныптан ұлдар арасында I орынды Н.Өмірбеков, II орынды Н.Олефиренко, III орынды – Ж.Икенов иеленсе, 6-11 сынып арасында I орын Р.Сұлтанов, II орын А.Хамидулла, III орын – Б.Әбиев жеңіске жетті. 1-5 сынып қыздар арасында I орынды А.Сайын, II орынды А.Әділбай, III орын – М.Ықсан иеленіп, 6-11 сыныптардан I орын -А.Нұрболатқызы, II орынды Ж.Шарипова, III орын – Ж.Галимова топ жарды.
Жарыс соңында жеңімпаздарға кубок берілді және арнайы дипломдар мен сыйлықтар табысталды.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="60259,60260"]