Маңғыстауда қыркүйек айынан бастап «Отбасылық сот» пилоттық жобасы іске қосылады. Бұл туралы Ақтау қаласында Маңғыстау облыстық сотында «Отбасылық соттардың сот жүйесіндегі орны» тақырыбында дөңгелек үстелде айтылды.
Жиынға Маңғыстау облыстық сотының төраға міндетін атқарушы Нұрсапа Примашев, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен судьялары, облыстық білім басқармасының қызметкерлері, құқық қорғау органдары, және адвокаттар мен медиаторлар қатысты.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының жоғарғы сотының бастамасымен отбасылық сот пилоттық жобасы жүргізіліп жатыр. Пилоттық жоба Астана қаласында, Қостанай, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстарында енгізілген. Дөңгелек үстелде пилоттық жобаны қосудың мақсаты айтылып, Нұрсапа Примашев Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының базасында «Отбасылық сот» пилоттық жобасын қосуды ұсынды.
«Отбасылық соттардың жасы кәмелетке толмағандар жөніндегі мамандандырылған соттардан ерекшелігі - отбасылық сотта балалардың мүддесін қорғайтын барлық істер қаралады. Мұнда ажырасу туралы істер өте көп. Бірақ ажырасу істеріне ҚР Азаматтық процестік кодексіне сай юридициялық, азаматтық істер қарайды. Қазіргі пилоттық жоба бойынша бұл істерді отбасылық соттарға бергіміз келіп отыр. Себебі ажырасу бар жерде, бала бар, бала бар жерде дау бар. Сондай-ақ ажырасқан адамдар арасында мүлік даулары және мұрагерлік даулар бар. Онда кәмелетке толмаған баланың мұрагерлікке құқы дауланса, онда осының барлығын отбасылық сотқа беріп, сол соттың қарауына жіберсек өте әділетті болар едік дейміз. Қазіргі таңда Маңғыстау облыстық сотындағы жасы кәмелетке толмағандар істер жөніндегі мамандандырылған сотта екі судья болады. Отбасылық пилоттық жобасын енгізетін болсақ, екі судья аз. Біз оларға тағы екі судья қосуымыз керек. Себебі ажырасу, балалардың құқығына қатысты істер өте көп. Сондықтан пилоттық жобаны енгізбестен бұрын аталған сотқа вакансия сұрауымыз қажет. Сонда ғана бұл пилоттық жобаны іске қоса аламыз», - деді Маңғыстау облыстық сотының судьясы Гүлажар Бақытжанова.
Пікірталаста отбасы және бала тәрбиесі мәселесімен айналысатын мекемелер мен ұйымдардың дауларды сотқа дейін реттеудегі тәртібі, адвокаттардың неке және отбасы заңнамасы саласында мамандануы туралы мәселелер кеңінен талқыланып, аталған соттың пилоттық жобаны енгізу үшін техникалық және материалдық мүмкіндіктері мен судьялардың дайындығы айтылды.
Отбасы және бала тәрбиесіне қатысты дауларды бітімгершілікпен шешу туралы Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған аудан аралық сотының төрағасы Лариса Тілемісқызы кеңірек әрі нақты айтып өтті.
«Дөңгелек үстел отбасы күніне орай өткізіліп жатыр. Қазіргі сот қылмыстық, азаматтық және отбасылық сот болып бөлінеді. Отбасылық соттар кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соттар негізінде құрылады деп күтілуде. Кәмелетке толмағандарға арналған сот тек атауын ғана емес, жұмыс принципін де өзгертеді. Ең алдымен, отбасылық соттарды құру осы санаттағы істерді қарау кезінде отбасылық құндылықтарды нығайтуға ықпал етеді», - деді Лариса Тілемісқызы.
Айта кетейік дөңгелек үстел соңында «Отбасылық сот» пилоттық жобасын қыркүйек айынан бастап іске қосу және оған әр саладан жауапты өкілдерді бекіту туралы шешім қабылданды.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ