«МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС ақтаулықтардың ай сайынғы төлем қағазына электр қуаты бойынша тағы бір баған қосты. Онда электр қуатына қосымша төленетін қаржы көрсетілген. Яғни тұрғындар жарық үшін есептеу құралында жазылған шығынынан артық төлеуі тиіс.
Тұрғындар "орташа" деп аталған бұл қосымша бағанның қайдан пайда болғанын білмей дал. Мәселен, суреттегі түбіртектің иесіне бір айға есептегіш бойынша 337 кВт жұмсалса, келесі бағанда оған қосымша 230 кВт жазылған.
Пәтер иесі бір айда тұтынған электр қуатының шығынын төлейді. Одан бөлек бағанда жалпы үйдің электр шығыны да бөлек көрсетілген. Ал «орташа» деген жолақтың бұл жолы қосылуына не себеп? Қала халқы редакциямызға хабарласып, жағдайдың анығын білуді сұрады.
Тұрғындардың өтініші бойынша мәселенің мән-жайын білмекке кәсіпорынға хабарластық.
Кәсіпорын өкілі халық тұтынатын жарықтың шілде айында екі есе артуына байланысты мұндай тәсіл қолданылып отырғанан жеткізді.
https://www.youtube.com/watch?v=SDYdq131qUA&feature=youtu.be- Шілде айындағы есептесу шотына электр энергиясына төлем төлету бойынша тағы бір жолақ қосылуы мынадай жағдайдан туындап отыр. Шілде айында электр энергиясын тұтыну екі есе өсіп кетті. Бұрын 1 айда 75 мВт электр қуаты тұтынылса, шілдеде күннің ысуына байланысты қала халқы 120 электр энергиясын пайдаланды. Тұрғындар көбіне айлығын, зейнетақысын алған уақытында айдың 1-10 аралығында өзінің МАЭК-ке төлейтін қажетті төлемін төлеуге тырысады. Яғни халықтың біраз бөлігі айдың 10-на дейін жеке есептеу құралының көрсеткішін әкеліп тапсырады. Енді бір топ 10-20 арасында тапсырады. Осы екі топ тұтынушылардың 60 пайызын құрап отыр. Бұлар сол күнге дейінгі төлемді төлегенімен, 10-25 аралығында электр қуатын пайдалануын жалғастырып отыр.
Шілде айындағы тұтынудың өсіп кетуіне байланысты өндірілген өніміміздің және халық тұтынған өнімнің құнын қайтару керек. Себебі ол қаражат бізге келесі айда кәсіпорынның тұрақты жұмыс жасауы үшін газға төлеуге қажет. Біздің мекемеміз мемлекет тарапынан, бюджет тарапынан ешқандай қаржыландырылмайды. Өзі өндіріп, сатқан өнімінің бағасымен күн көріп отырған мекеме. Яғни біз тамыз айында халыққа дұрыс электр энергиясын беру үшін газды уақытылы төлеп, уақытылы алуымыз керек. Сондай қажеттіліктен туындап отырған мәселе бұл. Ешбір тұрғынның бұған алаңдауына негіз жоқ. Себебі бұл тамыз айында жеке есептеу құралының көрсеткішін әкелгенде компьютерлік бағдарлама автоматты түрде анықтап береді. Егер тұрғынға маэктің тарапынан артық электр қуаты жазылып кеткен болса, келесі айда ол азайтылады. Тәуліктік орташа есеппен берген көрсеткішіміз жетпей қалса, үстіне пайдаланғанына төлейтін болады. Тұрғындарға пәтерлеріндегі есептеу құралын қолжетімді жерге орнату туралы бірнеше рет ескертіп айтып жүрміз. Көп пәтерлі үйдің жобасы бойынша дәліздегі алаңға шығаруды сұрап отырмыз. Себебі біз әрбір үйдің, жалпы үйдің есептеу құралын айдың 23-25 аралығында аламыз. Сол кезде есептеу құралдарының барлығы контроллерлердің қол жетімді жерде тұрса, бәрін бірге алатын болсақ, онда ол жалпы үйлік қажеттілікке жұмсалатын шығынның азаюына әкеледі. Ал ол болмағанда осындай жағдайларға барып отырмыз. Бірақ енді барлығы уақытша болуы мүмкін. Себебі ертең біз әрбір пәтердің есептеу құралының қолжетімді жетрде тұруына қалай да келеміз. Сонда бұл мәселе өздігінен шешіледі деген ойдамыз, - дейді «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС бас директорының көмекшісі Қолғанат Нұржаубайұлы.
Яғни, мекеме өкілі қала халқының алаңдауына негіз жоқтығын алға тартады.
Айта кетейік, мекеме Маңғыстау облысын электр қуатымен қамтамасыз етіп келеді. Ақтау қаласында 65 мың көппітерлі үйде тұтынушысы бар. Оның 60 пайызы есептеу құрылғысын пәтер ішіне орнатқан. Сондай-ақ аталмыш кәсіпорын Атырау облысына да электр қуаты жеткіліксіз болғанда көмек көрсетуге резервте тұр.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА