©
Түпқараған аудандық сотының судьясы қызметіне Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Едіге Берекетұлы Бегенов тағайындалды.
24 шілде күні ауданға арнайы келген Маңғыстау облыстық соттар әкімшілігінің басшысы Қыдыр Бегалиев аудан активтеріне, оның ішінде құқық қорғау саласының мамандары мен ауданның басшыларына Едіге Бегеновті таныстырды.
– Ең бірінші кезекте халықтың талап-арыздарын қанағаттандыру міндетіміз. Қазіргі кезде ағайындылардың арасында соттасу және жанұясын бұзуға берілетін арыздардың көптігі қай-қайсы азаматқа да ой салады. Бұлай жақынымен соттаса беретін болса, көтерілген шаңырақтың іргесі көп ұзамай ыдырап жатса елдігімізге сын келтірмей ме?! Сондықтан бұрынғы билер алқасын ұйымдастырып, бірінші медиация тәртібімен бітімгершілікке келу жолына үгіттейміз. Осы ауданда да азаматтарды сотқа дейінгі татуластыру жұмысы жасалып, елге белгілі үлкен аналарымыз бен аталарымыз- ды, психолог, медиатор мамандарын билер тізіміне кірістіру керек. Оларға мемлекет тарапынан жалақы тағайындалатыны да жақсы жаңалық, - деген Қ.Бегалиев жаңа судьяның халыққа қызмет етудегі мемлекеттік қызметші міндетіне және уақыт өткен сайын жаңарып отырған сот талабына сай болуына тілектестігін білдірді.
Өз тілшімізден