Алматы облысы Жаркент кентіндегі Панфилов аудандық сотында "шекараны заңсыз бұзды" деп айыпталған Қытай азаматы Сайрагүл Сауытбайдың ісі бойынша шешім шықты.
"Қазақстан Қылмыстық кодексінің 392-бабы 1-тармағы бойынша Сайрагүл Сауытбайды кінәлі деп тауып, 6 айға бас бостандығынан айыру туралы шартты жаза тағайындалсын. 6 ай мерзім пробациялық бақылау мерзімі тағайындалсын. Сот залынан босатылсын", - деді судья шешімді оқығанда.
Судья "Сауытбайдың қылмысын онша ауыр емес" деп бағалады. Ол шешім шығарғанда БҰҰ балалар құқығы конвенциясы негізге алып, Сауытбайды екі баласынан, отбасынан ажыратпау үшін осындай шешім шығарғанын айтты.
"Этникалық қазақ ретінде, Қазақстан азаматтығын алуға құқығы бар азамат ретінде оны Қазақстаннан шығарып жіберу жазасы тағайындалмады" деді ол.
Судья Құйқабаева Сайрагүл Сауытбайдың пана іздеуші куәлігін алғанын, Алматы облысы көші-қон полициясына босқын мәртебесін сұрап, өтініш бергенін де айтты.
Сот аяқталған соң Сайрагүл Сауытбай сот залынан бостандыққа шықты.
Сайрагүл Сауытбайға Қазақстан Қылмыстық кодексінің 392-бабы ("шекараны заңсыз бұзып өту") бойынша айып тағылған. Ол мамырда Қазақстан шекарасын заңсыз бұзғаны үшін қамауға алынған. Сот процесі шілденің 10-ы күні басталған.
Сайрагүл Сауытбайдың күйеуі Уәли Ісләм мен екі баласы Қазақстан азаматтығын алған. Ерлі-зайыпты Уәли Ісләм мен Сайрагүл Сауытбай екі баласымен бірге Қазақстанға 2016 жылы көшіп келмек болған.