«Баяғыда шешелеріміз бен жеңгелеріміз ши әкелуге арнайылап жолға шығатын. Терістік беттен көп қылып әкеледі, содан ауыл болып жасы үлкені де, кішісі де ши тоқуға кірісіп кететін едік. Бұл күнде соның барлығы ертегі сияқты», - деп отыратын үлкен әжем. Ертегі сияқты кездері болған шығар, бірақ ұлттық қолөнерді бүгінгі күні қайта жаңғыртып, өзінің сүйікті ісіне айналдыра білген жандар арамызда көптеп жүр екен.
Түпқараған аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі мен «Түпқараған азаматтық бастама» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «Құтты өлке қолөнершілері» атты көрмеге жасы үлкендер сыйлы қонақ ретінде шақырылып, кіші буын шеберлердің қолынан шыққан сүйкімді дүниелер сатылымға шығарылды.
Ұлттық қолөнерді дамытуға үлес қосып жүрген Ақшұқыр ауылының тұрғыны Қалекеш Жүсіпова ұлттық киіз үйдің құрамдас бөліктерін жасаумен әлі де қолы қалт еткенде айналысатынын айтты. Киіз үйдің бау, басқұры, киізі мен текеметі, керегесіне ұсталатын тоқыма шиі, жел бауы да апай үшін таңсық дүниелер емес. Өзінің білетін нәрселерінің барлығын немерелеріне үйретіп жатқанын мақтанышпен жеткізді.
Республика көлемінде ұйымдастырылып жүрген қолөнер байқауларында жүлдегер атанып жүрген М.Горький мектеп-лицейінің мұғалімі Айгүл Қуанды да осы көрмеден көріп қалдық. Оның әкелген дүниелері матаға, әйнекке салған суреттермен, техникасы күрделі батит, кестелеп тоқу өнері және витраж деп аталатын көркемөнер туындыларымен тамсантады. Есетова Гаухар да қолөнердің ерекше түрімен айналысады. Меринос қойының жүнінен неше түрлі етіп боялған бешпент, кәжекей, киіз, тоқыма бұйымдарын әкеліпті. Жақын арада биіктігі 160 см-ден асатын киіз үйдің қаңқасын жасап, оның ішінің барлығын өзінің қолынан шыққан дүниелермен көркемдеп шығаратынын жаңалық ретінде айтты. Райхан Дүйімбаева, Марина Уәлиева, Нұрсұлу Жағалбаева, Ақбөбек Қосбұлова, Балхия Тұрысбекова, Амангүл Төлжанова сынды қолөнерді сүйетін ұстаздар өздерінің білетінін технология пәнінде оқушыларға үйретіп, кіші буынның ұлттық қолөнерге деген сүйіспеншіліктерін оятып жүр. Жұмазия Айтова, Ақжиде Қоблашева, Жанна Нұрбаева, Жұмакүл Аққұлова сынды қолөнер иелері — бірі мемлекеттің жұмысынан,, бірі жеке кәсіпкерлігінен, енді бірі балаларын күтіп, үй шаруасынан бос уақыттарын осы кәсіпке арнаған. Жасы жағынан ең кішкентай болса да, халықаралық Педагогика және инновациялық технологиялар ғылыми академиясының «Академия жұлдызы – 2018» атты байқауында алтын төсбелгі алып, «Баба мұрасы – қолөнер» байқауында жүлдегер атанған Ақтоты Қонысбай 10 түрлі бұйымын әкеліп, көрермен көзайымына айналды.
- Бүгін бабалар мұрасының өміршеңдігіне тағы да көзіміз жетіп отыр. Көз тартар неше түрлі бұйымдарды әркім әрқалай пайдаланып жүр. Жеке кәсіп қылып айналысып, еңбегінің жемісін көріп жүрген шеберлер де арамызда жүр. Жастарға да үлгі болсын, бір-бірінің өнерлерін көріп, тәжірибесін жетілдірсін деп арнайы ұйымдастырылған шара,-деді ұйымдастырушы Гүлсім Рамашева.
Клара Қансұлтанова