Бүгін Ақтауда теңіз жағалауы елдері құтқару қызметтерінің "Teniz-2018" халықаралық оқыту шарасы басталды. Оған Ресей, Әзірбайжан, Қазақстан, Түрікменстанның құтқарушылары қатысып жатыр.
Халықаралық шараның ашылу рәсімі мен теориялық бөліміне облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин және әр ел делегацияларының басшылары қатысып, сөз сөйледі. Дөңгелек үстел барысында сарапшылар төтенше жағдайлардың туындау қаупін шешу, хабарлауды ұйымдастыру, ақпарат алмасу, шетелде төтенше жағдайларды жою, қызмет күштері мен құралдарды ұсыну төңірегінде әңгіме қозғады.
Өйткені жаттығу мақсаты – Каспий маңы елдерінің құтқару қызметінің өзара әрекет етуін жақсарту. Каспий теңізі мен шекаралас аумақтардағы төтенше жағдайлар туралы активтерді пайдаланудың тиімділігін арттыру.
Қазақстандық топты министрдің орынбасары Юрий Викторович басқарады. Ол өз сөзінде мұндай іс-шаралардың құтқарудың қазіргі заманғы технологияларымен, заманауи өртке қарсы және құтқару құралдарымен танысуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
- Маңғыстау өңірінде «Каспий» жағалауы елдерінің қатысуымен «Теңіз-2018» халықаралық оқыту өтіп жатыр. Бұл шара 2016 жылы – Ресейде, былтыр – Әзірбайжан елінде, биыл міне, біздің елімізде өтіп жатыр. Теңіз жағасындағы 5 ел толықтай қатысуы керек еді, өкінішке қарай Иран белгілі себептермен қатыса алмайды. Дегенмен келесі жылы белсенділік танытады деп ойлаймыз. Есесіне бұл шараға қызығушылық танытқан Катар елінің өкілдері арамызда. Жаттығуды тамашалап, тәжірибе жинап, алдағы уақытта өз елдерінде өткізбек ниетте, - дейді Юрий Ильин.
Каспий маңы мемлекеттерінің құтқару бөлімдері төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-шараларды бірлесіп жүргізеді. Құтқарушылар теңіздегі зардап шеккен адамдарды іздеу және құтқару, алғашқы көмек көрсету арнайы техникаларын қолданып, құтқару кемелерінің бортындағы судан эвакуациялау мүмкіндігін көрсетеді.
- Бізге жаттығу өткізу үшін химиялық қаупі бар апаттық аумақ берілді. Ресей құтқарушылары бұл шараны бірнеше рет өткізді, бірнеше жыл қатарынана қатысып келеді. Жедел көмек көрсетудің кез келген түріне қауқарлы. Сондықтан қолымыздан келгенше бәрін ойдағыдай жасауға тырысамыз. Ми-8 тікұшағы және екі апаттық құтқару көлігіміз бар. Жаттығуға төтенше жағдайлардан құтқаратын, соған тікелей атсалысатын мамандар қатыстырылып жатыр, - дейді РФ күштер дайындығы және арнайы өрт күзеті департаментінің директоры, ішкі қызмет полковнигі Максим Максименко.
3 тамыз күні Баутино кентінде жаттығудың тәжірибелік бөлімі өтеді. Оған барлығы 500-ден астам өрт сөндірушілер, құтқарушылар және 78 арнайы техника, БЕ-200 ұшағы, 6 тікұшақ, қатысушы елдердің 4 теңіз кемесі мен 7 құтқару қайықтары жұмылдырылады.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Фотоларды түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="58841,58840,58838,58837,58836,58835"]