Маңғыстау спортында айрықша оқиға орын алмақ. 24-27 маусым аралығында облыста тұңғыш рет кадеттер мен юниорлар арасында каратэ-додан Қазақстан чемпионаты өтпек. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі аймақтық филиалы алаңында өткен баспасөз мәжілісінде Маңғыстау облысы каратэ-до федерациясының президенті Бекмұрат Жүсіпов мәлімдеді.
-Елдің түкпір-түкпірінен жиналатын каратэшілер чемпионатының мақсаты –келешек халықаралық додаларда, Азиялық жарыстарда мемлекеттік туымызды асқақтатып, мерейімізді асыратын үздіктерді іріктеу, жастарды спортқа баулып, салауатты өмір салтын насихаттау және республикалық федерациялары, клубтары арасындағы байланысты бекітіп, жақсарту болып табылады,-деп мәжілісті ашты Бекмұрат Қыдырбайұлы. -Спорттық шараға дайындық қарқынды жүруде. Облыстық мәдениет және спорт басқармасы, каратэ-до федерациясының мұрындық болуымен чемпионат «Каспий» спорт кешенінде өтетін болады,-деді ол.
Чемпионатқа республиканың барлық облысынан келген 310 спортшы қатысады деп күтілуде. Ал Маңғыстаудың мәртебесін 50-ге жуық жас қорғамақ. Маңғыстаудағы каратэ-до негізін қалаушылардың бірі, ҚР Ұлттық құрамасының еңбегі сіңген жаттықтырушысы, ҚР Ұлттық құрамасының каратэ-до бойынша аға жаттықтырушысы Парвиз Мансуровтың маңғыстаулық спортшыларға сенімі мол. Оның сөзінше, Маңғыстаудағы каратэ-до мектебі республика бойынша көшбасшылар қатарында тұр. «Маңғыстау атынан шығатын каратэшілердің қай-қайсысы болсын жеңіске лайық. Олар чемпионатта мықты қарым-қабілетін, жоғары дайындығын көрсетіп, топ жарып, облыс қоржынына бір емес, бірнеше алтын салатынына үмітім зор»,-деп сенім білдірді П.Мансуров. Өткен жылы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы алғаш рет каратэ-до спорты бойынша Жапония еліне ғана есесін жіберіп, жүлделі екінші орын иеленген болатын. Бақ пен бап сынға түскен жарыстарда спортшылар әрдайым ел мерейін өсіріп, жеңіс тұғырынан көрініп, әлемнің он бес үздігіне еніп келеді. Кеңес уақытында тыйым салынып, 1990 жылдары ғана елде дами бастаған спорт түрі үшін бұл – өте жоғары жетістік. -Каратэ – Қазақстанда ең жас спорт түрі. Бүгінде республикада 3 каратэ-додан мамандандырылған арнайы спорт мектебі бар: Ақтау, Ақтөбе және Шымкентте. Кеңес уақытында каратэ-до ресми түрде тыйым салынған спорт түрі еді. Басшылардың ойынша, бұл шығыс жекпе-жек түрін меңгерген спортшылар қабілеттерін зиянды істерге жұмсап, қоғам үшін қауіпті болды. Қазір өңірімізде каратэ-до спорты өркендеп, жаттықтырушылар біліктілігін үздіксіз арттырып, биік белестер бағындыруда. Тамыз айында 2020 жылы өтетін олимпиада ойындарына қосылатын жаңа спорт түрлері жарияланады. Оған каратэ-до спорты қосылатынына біз 99%-ға сенімдіміз. Бұл қуанышты жаңалықты тағатсыздана күтеміз және оған қатысуға бар күш-қайратымызды саламыз,-дейді республиканың каратэ-до бойынша бас бапкері. Баспасөз мәжілісіне қазақтың алып күш иесі, тұңғыш кәсіпқой балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының немересі Шаттық Қажымұқан қатысты. Ол Қазақстан чемпионатында бас төреші болады. «Маған әйгілі атаңның жолын неге қумадың, қалай каратэ-до спортына келдің деген сауалдар жиі қояды. Мен мектеп қабырғасында жүріп, жеңіл атлетикаға бір жарым жыл қатыстым. Одан соң бокспен айналыстым. Бірде залда каратэмен айналысып жүрген балаларды көріп, осы спортқа қызығушылығым туды. Және шетелдік киноларда Брюс Ли, Джеки Чанның көрсеткен жекпе-жек өнеріне сүйсініп, нәтижесінде каратэ-до спортына қатыса бастадым. Спортқа деген құштарлығым шығар, бірден үйреніп, жақсы нәтижелер көрсеттім»,-деді Шаттық Айдарханұлы.
WKF&AKF халықаралық категорияларының төрешісі Ш.Қажымұқан Маңғыстаудың каратэ-до бойынша жеткен жарқын жетістіктерін, толағай табыстарын Парвиз Мансуровпен байланыстырады. Оның балаларға деген махаббаты, спортқа құштарлығы, жемісті еңбек пен өз ісіне жан-тәнімен берілу секілді қасиеттері арқасында Маңғыстауда каратэ спорты жылдан жылға дамып, шәкірттері республикалық және халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін чемпиондары атанған. Сондықтан бас төреші Маңғыстау спортшыларының мықтылығына сенімді. Чемпионатта үш түрлі жас категориясы, салмағы бойынша күш сынасады. Ал жеңіс тұғырынан көрінген жас спортшылар қараша айында Индонезия елінде өтетін Азия чемпионатына жолдама алып, ұлттық құраманың абыройын қорғайды деп жоспарланған.
Ханым ҚУАТ Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ