Кеше Маңғыстау спортшылары үшін сәтті күн болды. Бағы мен бабы қатар шапқан олар бір күнде қоржынға үш сайыстан жүлде салды. Бұл жөнінде «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Манарбек Бисекенов мәлімдеді.
23-24 маусымда Қырғыстанның Шолпан-Ата қаласында дзюдо күресінен «Азия кубогы» өтті. Оған Қазақстаннан 20 спортшы қатысты. Маңғыстау намысын қорғаған «Жас Батыр» мектебінің дзюдошысы Сұңғат Жұбатқан 66 келіде чемпион атанды. Ол өзбек, қырғыз, тәжік палуандарымен белдесіп, шешуші кезеңде өзбек спортшысымен кездесті.
Сайыста 12 елдің спортшылары бақ сынады: Моңғолия, Үндістан, Иран, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғыстан, Қазақстан, Тайланд, Тайпей, Корея, Зимбабве.
Бұдан соң дзюдодан Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында Кеңес Одағының батыры М.Мәметова жүлдесіне арналған ересектер арасында Халықаралық турнир өтті. Онда Маңғыстаудан 14 спортшы бақ сынады. Бұл турнир де маңғыстаулықтар үшін олжалы болды. Атап айтсақ, 60 келі салмақ дәрежесінде Рамазан Мамаев пен 66 келі салмақта Жеңісов Әмірбек чемпион атанса, 66 кг салмақта Сағынғалиұлы Бауыржан күміс медаль, 100 келіде Жарасбай Нұрсұлтан қола иеленді.
Бұл күні Ақтөбе қаласында жекпе-жек сайысының жауынгерлері де өзара бақ сынасып, Әлем чемпионатының жолдамасын сарапқа салып жатты. Облыс намысын 20 спортшы қорғады.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: «5/50» бағдарламасы берген мүмкіндіктер қандай?55 келіде Гулиев Баладдин, 65 келіде Алиева Ақдана, 55 келіде Белоуосова Зинаида чемпион атағына ие болса, 60 келіде Дунямалиев Абасгулу мен 80 келіде Желкишиков Берекет күміс жүлдені қанжығалады. Ал 70 келіде Қуанышқалиев Аслан, 85 келіде Амиров Эмиль, 65 келіде Нұрбердиев Батырxан қола жүлдеге қол жеткізді.
Кезекті жеңістеріне қол жеткізген облыс мақтаныштары енді 7 шілдеде Тайпейде өтетін Азия кубогына дайындықты бастап кетті.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді ұсынған Манарбек Бисекенов
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="56737,56738,56739,56740,56741,56742,56743"]