©
Журналистикаға қызығатын жастар арасында ұйымдастырылған байқаудың қатысушысы —
Тайманова Таңнұр Қылышбайқызы
Жасы 18-де. Ақтау қаласындағы Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы Маңғыстау гуманитарлық колледжінің 3 курс студенті.
Байқау ережесін мына сілтемеден оқи аласыз.
Туған өлкем НоғайтыКішкентай кезімнен сары құмын саф алтынға теңеп өскен сайын далам Сам құмы туралы көп білгім келетін. Кезінде талай сауда керуендер өткен жер болғандықтан ба, әйтеуір, кішкене күнімнен қыш құмыралардың сынықтары, садақ жебелерінің ұштары, сол секілді көне ұсақ түйек бұйымдар тауып алатынмын. Осындай жағдайлардан кейін туған өлкемді тереңірек білуге,тарихын терең түсінуге деген құлшынысым артты. Сам құмының сары құмы бауырына басқан менің туған өлкемнің атауы – Ноғайты. Осы атауды жадыма жаттап алып энциклопедия немесе небір жер-су атаулары туралы жинақтары бар С. Қондыбай, Б. Көшімова секілді зерттеушілердің еңбектерінен өз ауылым туралы деректер іздейтінмін. Бірақ өзім білгім келген деректер таппайтынмын. Шындығында менің білгім келіп жүрген көп деректі өзімнің әкемнен артық ешкім білмейді екен. Ауылымның айналасында тарихы қызықты талай жерлер бар екен. Әкем білгендерін үнемі байыппен, бабымен баяндап отыратын. Осыдан кейін «жүз естігенше бір көр» демей ме,маған сол жерлерге барып, өз көзіммен көріп, суретке түсіріп өзіме бір шағын жұмыс жасау туралы ой келді. Әкемнің көзі тірі кезінде білгенінің бәрін жазып, көріп білгенім дұрыс болар деген шешімге келдім.
Көңілі кең, сезімі мол әрбір адам өзінің туған өлкесінің тарихына терең үңілуге деген ыстық сезімі мен ниеті болары анық. Әр өлкенің атауының өзіндік терең тарихы бар. Мысалы С.Қондыбайдың «Жер - су атаулары» еңбегінде келтірілген дерекке сүйенсек “Бейнеу ауданындағы қазір де көптеген жер атаулары 1940-1960 жылдар аралығындағы жайлаған байғаниндік сафхоздардың атауларымен аталады. Олардың көне атаулары бар. Мысалы: Аманкелді – Тектұр, Қызылжұлдыз – Шолақ, Ноғайты – Сисенбай, Теректі – Қошмағанбет, Қызыләскер – Тұрман.” Демек ауылдың бұрынғы атауы Сисенбай болған. Енді өзімнің кішігірім мәліметтеріме кезек беруге болады.
Дербисалыұлы Сисенбай ахун
Ноғайты ауылы Бейнеу ауданынан шығысқа қарай 60 шақырым жерде орналасқан. Ноғайты жерінде Дербисалыұлы Сисенбай ахунның мешіті болған. Бірақ мешіт сақталмаған. Бегей марқұм Асабай молда қарттың айтуы бойынша бұл жерде Қамыскөл деген көл болған. Бұл кісі Сисенбай ахунның мешітінде білім алған. Марқұмның айтуынша Сисенбай ахунның мешітінің касында да көл болған, өте биік қара ағаштары өскен. Оның қасында үлкен егін алқабы болған екен. 1940 жылдары байғаниндік кеңшар келіп мекен еткен. Ұзын ағаштарды кесіп, құрылысқа пайдаланған. Кейіннен әкелеріміз осы аймаққа алғаш келген кездерінде мешіттің сынған күмбездерін көрген екен.
Белдеулі керуен сарайы
Ноғайтының солтүстік-батыс бетінде 20 шақырымдай жерде Белдеулі керуен сарайының орны бар. Археологтар бұл сарайдың орнын ашып зерттеп қоршап қойды. Оның көптеген бөлмелері бар екендігін және бұл сарай Хиуадан, Самарқаннан, Бұқараға, сарайшық қаласына баратын керуен жолы екендігі анықталды. Сарайдың қасында таспен өрілген бірнеше құдық бар.
Жарқұдық немесе Қайыптың жиде ағашы
Ноғайтының Бейнеу жақ бетінде, құмның шетінде Жарқұдық деген жер бар. Бұл жер бұрын Қайыптың әкесі Қорабайдың қыстауы болған. Сол жерде құмның ішінде “Қайыптың жиде ағашы” деп аталатын жеміс ағашы әлі де бар. Ол Қайыптың жидектің пашағын тастағанынан өсіп шыққан деседі. Қорабайдың баласы руы Бегей әнші Қайып Ақбөбек сұлуды Сам жеріне алып қашып келіп, ақыры қуғыншыларға ұсталады. Ақбөбек Тоқпан байға айттырылған екен. Тоқпанның адамдары Жарқұдыққа келіп Қайыпты сабап, Ақбөбекті Маңғыстауға алып кетеді. Ақбөбек Есжанқызы 1930 жылы Иранға қоныс аударып, сол жақта дүние салған. Ирандағы қазақтар жерленген қорым күреліп тасталып, үстіне парк салыныпты. Ақбөбек сұлудың жатқан жеріне қызыл ағаш өсіп тұр екен. Ал әнші Қайып Тәжікстан жеріне ауып, сол жақта жерленген.
Амантұрлы әулие
Жарқұдықтың қасында құмның жиегінде, биік жалдың басында Амантұрлы батырдың зираты бар. Амантұрлы батыр Қосқұлақ руының Жаналы тайпасынан шыққан батыр. Есен, Сүгір, Амантұрлы, Қожалақ, Ер Балта, Өмірше батырлармен Түркменстан жолындағы Даукескен қамалында шайқаста болған. Қамалды екі рет бұзып, үшінші рет бұзып кіргенде қаза болған. Кейін сүйегін әкеліп, осы Жарқұдықтағы жалдың басына қойған. Қазір басына үлкен кесене салынып, түнеухана салынып, жан-жағы қоршалып, ағаш егілген.
Жалпы, осы Сам құмы руы Адай Балықшы Балуанияз батырдың да мекені болған. Осы сайда жатқан Балуанияз батырға құрдасы Ескелді Тұрманбет батыр түркмендердің 300-дің үстінде Қарабақы, Көкбөрі батырлары бастаған қолдың келе жатқанын сонау түркмен жерінен осы самға келіп айтқан. Сонда Балуанияз батыр «жау шапты деп сүйініші сұрамайсың ба?» деп айтқан екен. Содан 60 батыр жиналып, қазіргі Амантұрлы батыр жатқан жал басында ұран отын жаққан екен. Онан соң батырлар Маңғыстаудың елін шауып, малын айдап келе жатқан түркмендерді Қараған-Босағада күтіп алған. Сол жерде 60 батыр түркмендерді қырып, қазақтың мал мен жанын айырған. Сол кезде түркмендердің 2 адамы қашып шығады. Балуанияз батыр арттарынан құла атымен қуып жеткенде, біреуінің қойнында мылтығы болып, атып өлтірген екен. Батырдың құла атын өздерімен бірге алып кетіпті. Балуанияз батыр сол Қараған-Босағада жерленген. Батырдың құла атып қашып келіп, ақыр аяғы сол жерде өлген екен. Батырдың досы Тұрманбет батыр 97 жас жасайды. Балуанияз батырдың басына Тұрманбет батырдың көші келіп қонғанда, батыр Балуанияз құрдасына «Бұйырта көр өз қасыңнан көрімді» деп өтініш айтып жалынған екен. Сол түні батырдың тілегі қабыл болып, сол жерде кәрі батыр мәңгілікке көз жұмған.
Рақ қорымы
Ноғайтыдан солтүстік-батыс бетте шамамен 10-15 шақырымдай жерде Рақ қорымы бар. Рақ-батыр адам болған. Бұл өлкенің тарихында екі Рақ батыр болған. Біреуі Қырықмылтық, біреуі Балықшы руынан шыққан. Бұл жерде 9 қызыл әскеріне ескерткіш қойылған. Бұл 1931 жылдың жазында болған оқиға. Жарқамыстан шыққан қызылдың жасағы Рақ қауымынан солтүстікке қарай 10-15 шақырымдай жердегі Үмбетай құдығына келіп түнеген. Сол түнде Мырзалы деген кісінің адамдары келіп қоршауға алады. Бұл Мырзалының адамдары азаттық үшін күрескен адамдар еді. Алайда сол кездері бұл кісілерге «бандылар» деген жала жабылады. Қызылдар сол жерде қырылып, 10-ы қашып келіп, Рақтың күмбез тамына тығылады. Мырзалының адамдары келіп, Рақты қоршауға алады. Сол жерде 9-ы шөлден өліп, біреуі түн қараңғысында еңбектеп қашып кеткен екен. Ол адам айлап жүріп, Жарқамыстағы штабқа хабар берген.