«MEN QAZAQPYN-2018» республикалық мега-жобасының облыстық іріктеу кезеңі мәресіне жетті. Дәстүрлі ән бағыты бойынша – Алпысбек Оңайбаев, жыр-терме бағытында – Темірбек Асқанбаев, күй жанрында – Еркебұлан Соңғыбаев Маңғыстаудың намысын қорғамақ. Бүгін осыған байланысты аталмыш үміткерлердің және "Қазақстан" РТРК" АҚ МОФ директоры Әнуарбек Бимағамбеттің қатысуымен баспасөз отырысы өтті.
Жобаны «Қазақстан» Телерадио Корпорациясы Ақпарат және Коммуникациялар Министрлігінің қолдауымен биыл екінші рет ұйымдастырып отыр.
- «Мен қазақпын» - географиясы халықаралық деңгейдегі жоба. Былтыр жобаға 3000-дай үміткер тілек білдіріп, 57-сі жолдама алған болатын. Маңғыстау облысында да іріктеу туры өткізіліп, үш өнерпазымыз қатысып қайтқан. Жыр-терме аталымы бойынша – Оспан Құлсымақ, күй бағыты бойынша – Алмас Жетібаев, дәстүрлі әннен – Алпысбек Оңайбаев. Өздеріңіз білетіндей, үшеуі де финалға дейін барып, Оспан Құлсымақ Гран-при иеленді. Бұл – біз үшін мақтаныш әрі жауапкершілік. Жоба өзін ақтағандықтан, елдің үлкен ризалығына бөленіп, ұлт руханияты үшін қажет дүние екені белгілі болғаннан кейін ұйымдастырушылар биыл тағы өткізіп отыр, - дейді Маңғыстау арнасының басшысы.
Республикалық додаға төл өнерді серік еткен 18-40 жас аралығындағы таланттар қатыса алады. Байқаудың биылғы ерекшелігі – әр аудан, ауыл-аймақтардың деңгейіне дейін іріктеу турлары өткізілуінде. Жобаның негізгі мақсаты да – ауыл-аймақ көлеміндегі таланттарды танытып, жалпыұлттық масштабтағы өнер әлеміне жолдама беру болғандықтан, ұйымдастырушылар іріктеуді кезең-кезеңімен өткізуді жөн көрген. Аудандар бойынша барлығы 54 үміткер қатысып, 29-ы облыстық кезең жолдамасына ие болған.
- Жобаға былтыр да қатысқанмын. Іріктеуде Наурызбек жыраудың термесін, дауыстың шырқау биіктігін көру үшін халық әндерін, халық сазгерлерінің әндерін сұрады. Биыл енді облыс атынан жолдама алған соң жақсы күш-жігермен, дайындықпен баруға міндеттіміз деп ойлаймын, - дейді өнердодасында бық сынайтын Өнер мектебінің жыр-терме пәні мұғалімі, жыршы Темірбек Асқанбаев.
- Үлкен бәсекелестіктің кезінде біреуге қиянат, біреуге обал болмауы қажет. Сондықтан қазылар құрамына аса мән бердік. Музыкалық сауаты жоғары, тек орындаушы емес, зерттеуші ретінде белгілі тұлғалар болғанын қаладық. Маңғыстауға белгілі Әбіл Жұмағалиев сынды әнші ағамыз, облыстық филармонияның қызметкері, музыкатанушы Айдарбек Оңайбаев, сонымен бірге Маңғыстаудың күй мектебінде ерекше қолтаңбасы бар күй династиясының өкілі - Әзірбай Өскінбаев ағамыз қазылар құрамында болды. Дәулескер жыршы, Маңғыстау мектебін республикалық, халықаралық деңгейге көтеріп, еңбек еткен, консерваторияда жыр-терме сыныбын ашып, ұстаздық қызмет атқарған, бірқатар зерттеу еңбектердің авторы Елдос Еміл ағамыз, сондай-ақ дәстүрлі ән бағытында шәкірт тәрбиелеп жүрген пелагог-ұстаз Ақмарал Ерімбетова, Маңғыстау жыр-терме мектебінің өкілі, репертуары өте бай жыршымыз Ақылбек Өтеш бауырымыз қазылық етті, - дейді Әнуарбек Бимағанбет.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтауда заңсыз сауда контейнерлері орнынан алындыЖобаның республикалық кезеңі жыл соңына дейін жалғасады. Әрбір турды көрермен «Қазақстан» ұлттық арнасынан тамашалай алады. Жеңімпаздар "Жылдың ең үздік дәстүрлі әншісі", "Жылдың ең үздік термешісі" және "Жылдың ең үздік күйшісі" аталымдары бойынша марапатталады.
Облыстық іріктеу ұйымдастырушылары байқаудың дауыс беру әдісімен бағаланатын кезеңдерінде Маңғыстау жұртшылығы қатысушыларға барынша қолдау білдіріп, демеп отырса деген тілегін де жеткізді.
Өткен жылы маңғыстаулық Оспан Құлсымақ "Жылдың ең үздік термешісі" аталымы бойынша бас жүлдеге ие болған еді.
Биыл «Мен қазақпын» жобасына еліміздің 14 аймағынан, 170 аудан қатысады деп жоспарлануда.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="56623,56622"]