©
Ақтау қаласы көшелерін жарықтандыруға 2017 жылы қала бюджетінен 373 млн теңге бөлінген. 2018 жылы да дәл осындай қаржы қарастырылған. Бұл жөнінде бүгін қала әкімдігіндегі брифингте «АУЭС» КММ директорының міндетін атқарушы Айтбай Аймағанбетов мәлімдеді.
«АУЭС» КММ 1992 жылы құрылған Ақтау қаласы әкімдігінің құзырындағы мекеме. Қалаға жарық беру, көше жарығын қамтамасыз етумен айналысады. Құрамында 265 қызметкер қызмет етеді, төрт қосалқы стансасы бар. 2018 жылғы электр қуатының тарифі – 3,16 теңге.
- Жабдықтардың 67 пайызы ескірген. Оларды жаңарту мақсатында 148 млн теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда Ақтау қаласының тәулікте қолданатын электр қуаты 30 мВт-60 мВт аралығында. Қала бойынша 4 қосалқы станса жұмыс істейді. Электр тапшылығының алдын алу мақсатында тағы да қосалқы стансалар салынбақ. 1 шағынауданда «Хазар» станцасы және Ботаникалық бақ маңынан салынады, - дегенді айтты Айтбай Үргешұлы.
Бүгінде қаланы Электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесіне енгізу жұмыстары қолға алынған.
- Өткен жылы Толқын-1, Толқын-2, 30 шағын аудан, Шығыс-1, Шығыс-2 шағынаудандары толықтай автоматтандырылған жүйеге қосылды. Ол бойынша 15 шағынауданға пилоттық жоба қолға алынды. Жақында 5 шағынаудан да осы жүйеге қосылмақ, - дейді Айтбай Аймағанбетов.
Кейде күндізгі уақытта да жанып тұратын көше шамдарын мекеме өкілі құрылғылардың, кабельдердің уақытша істен шығуымен байланыстырды. Сондай-ақ электр қуатын пайдаланғаны үшін төлемдерін кешіктіргендер жайлы да сұрадық.
- Біз заңды тұлғалармен жұмыс істейміз, физикалық тұлғалармен МАЭК айналысады. Олар бізге қарызы бар тұлғалардың тізімін береді. Егер қарыз көлемі 1 миллион теңгеден асса, электр жүйесін өшіреміз. Кейбір электр қуатын заңсыз пайдаланған заңды тұлғаларға да осы шара қолданылды. Қазір біздің мекемеге төлену қажет қарыздардың жалпы көлемі 15 млн теңгені құрайды, - деді Айтбай Аймағамбетов.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН