Бүгін Ақтау қалалық әкімдігінде жасыл-желектерді суару, қаланы көгалдандыру жұмыстарына қатысты баспасөз отырысы өтті. Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Аманбек Таңатов және «Қазақ зағиптар қоғамының Маңғыстау корпоративтік қоры» ҚҰ директорының көгалдандыру бойынша орынбасары Абай Қожабаев аталған мәселе бойынша жұмыстарды баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Бұған дейін сайтымызда қаланы көгалдандырумен айналысатын мекеме, бөлінген қаржы т.б. жөнінде жариялағанбыз.
-2018 жылға көгалдандыруға бюджеттен 957 млн 451 мың қаржы қарастырылды. Бұл қаражат көлемінде қала аумағындағы барлық орталық көшелер, саябақтар, шағын аудан ішіндегі жасыл-желектерді күтіп ұстау, суару, сонымен қатар жаңа ағаштар отырғызу көзделді. Бұл бойынша ақпан айында ҚР Мемелекеттік сатып алу заңына сәйкес облыстық сатып алу мекемесі арқылы конкурс жарияланды. Конкурс талабында атап кеткен заңға сәйкес, тек мүгедектер қоғамдық бірлестіктері арасында өткізу деген талап бар. Байқауға 5 үміткер қатысты. Комиссия құжаттамаларын қарау кезінде Маңғыстау облыстық Қазақ зағиптар қоғамын сәйкес деп тауып, олардың өздері ұсынған 777 млн теңге қаржыға келісім шарт жасақталды. Ал қалған 179 млн теңге бюджетке үнемделді, - дейді Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Аманбек Таңатов.
Шартқа сәуір айында қол қойылып, мамыр айында жұмыстар басталған. Өткен жылы көгалдандыру жұмыстарын «Қала жолдары» мекемесі атқарған болатын. «Ол мекемедегі қызметкерлер жұмыссыз қалмас үшін биыл да көгалдандыру жұмыстарына қатысып жатыр. Қазіргі таңда Зағиптар қоғамында 230-дан астам жұмысшы бар, оның 143-і «Қала жолдары» мекемесінің мамандары», - деді Аманбек Ералыұлы.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Атаулы әлеуметтік көмек ала аламын ба?Қазір қаладағы барлық ағаш саны – 91 мың. Оның 52 мыңы – орталық көшелер, саябақтар мен қоғамдық орындарда, 38 мыңы – шағынаудан ішінде орналасқан. Оларды наурыз-мамыр айыларын қоса алғанда 6 ай бойы суару көзделген. Бөлім басшысының міндетін атқарушы ағаштардың айына 3 рет, ал 130 мың шаршы метр аумақты алып жатқан гүлзарлардың күнделікті суарылатынын жеткізді.
Қала аумағында жасыл екпелерді суаруға арналған барлығы 65 водовоз бар. Олардың басым бөлігі шағынаудан ішілік аумақтарға қарасытырылған. Суару күндері, уақыты, мекен-жайы көрсетіліп, нақты кестесі жасақталған. Бұдан бөлек, қала аумағында құбырлармен суарылатын жерлер де бар. Сондай-ақ осы жаздың соңына дейін 7 және 9 шағын аудан аралығындағы «Жеңіс» саябағына тамшылатып суару жүесі жүргізілмек. «Жұмыс жоспарының келісімі бекітіліп, мердігерге тапсырма берілді. Шілде-тамыз айларында бұл жұмыстарды аяқтау көзделіп отыр» дегенді айтты мамандар.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА Фото: Талант ҚҰСАЙЫН