Бала күнгі арман-қиялыма қанат бітіп осыдан тура он жыл бұрын журналистика саласына қадам бастым. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, баталы сөз айтатын ақсақалы, әңгімесі пәтуалі аналары азаймаған ауылдан шыққан соң ба, осы салада құлаш сермеп қызмет етіп кетуіме оқудың аса бір қажеттілігі болмапты. Он тоғыз жасымда қолыма қалам алып шағын ақпараттар жаза бастадым, облыстық телеарнада жаңалықтар бөлімінде қызмет еттім, сол жылдары жарыққа шыққан «Ар.kz» республикалық қоғамдық-саяси газетке мақалаларым жарияланды. Облыс орталығында осылай басталған қызметім өзім түлеп ұшқан қарашаңырақ Маңғыстау ауданында жалғасты.
Оқушы күнімізде әр санына шыққан мақалаларды жаттап алғанша оқитын «Жаңа өмір» газетіне жұмыс сұрай келдім, небары жиырма жасар талдырмаш қыздың бірдеңе жазамын дегеніне сеніңкіремеген Терекбай Жаңбыршыұлы аса бір жылылық танытпай шығарып салды. «Жұмыс жоқ» деген сөзді естіп, еңсем түсіп үйге қайттым, «оқып жатқан оқуым әлі біткен жоқ, енді қайдан жұмыс іздер екенмін» деп жүргенде үйге көрші бала жүгіріп кірді, «сізді Икембай деген кісі жұмысқа шақырып жатыр» деді. Бұл 2006 жыл болатын, Әзірбайжан Қонарбаев, Жанна Аманқұлова, Айнагүл Сейітова, Рзагүл Серікбаева, Хадис Қорабаев, Есенбек Көшкінбаев сынды шығармашылық ұжым мені жатырқамай аз уақыт ішінде қызметтің қыр-сырын меңгеруіме бір кісідей атсалысты. Жыл жарым уақыт аудан жұртшылығына жағымды жаңалық таратып, кемшін тұстарды түзетуге қал-қадірімше өз үлесімді қостым. Елбасы Жарлығымен 2008 жылы жаңадан құрылған Мұнайлы ауданынан түскен шақыртуды қабыл алып «Мұнайлы» газетінде екі жыл тілші, жауапты хатшы қызметтерін атқарып, «Жаңа өміріме» қайта оралдым.
Менің «Жаңа өмірге» қайта оралуым, шығармашылық өсу мен өркендеу, жаңа бағыт, жаңа өріс болды. Төрт жылда үш мыңға жуық газет санын баспаға дайындап, қызығы да жетерлік, қиындығы да көп қызметтің қазанында қайнасам да бұл кезең мен үшін көп нәрсені үйренген кезең еді. Олай дейтінім, газет редакторы Ұзақбай Күбірбай Жалғасұлының талапшылдығы бізге жазудың жаңа мектебі болды. Қаламымыз ұшталды, мақала жазуға біршама төселіп қалдық деп пайымдап жүрген біздің жазбаларамыз ағайдың алдынан қызыл сия болып қолымызға қайта тигенде алғашында абыржып қалдық, тіпті кейде іштей өзімізді «қалыптасқан журналист» санап жүрген біздің тарапымыздан реніштің де болғаны рас. Мақаладағы әрбір сөздің дұрыс қолданылуы, оқырман үшін ненің маңызды, ненің маңызды еместігі, мәселені әр қырынан ашып көрсету, ресми материалдардың жазылу стилі мен көркем шығарма жазудағы тілдің шұрайлылығы бәрі, бәрін қалт жібермей қарап отыратын сол кезде біз қатал редактор санайтын Күбірбай ағайдың өсуімізге қосқан үлесі ұшан теңіз еді. Мүмкін жазғанымыз ағайдың екшеуінен өтпесе, әлі күнге дейін қожыртпа қойыртпағымызды жазып жүре берер ме едік? Жазу - екінің бірінің маңдайына бітпейтін бақ, екінің бірінің қолынан келе бермейтін өнер. Жаза алатындар кейде айтайын деген ойын жетер жеріне жеткізе алмай жатады, кейде асыра сілтеп кетеді, мұның бәрі шығармашылық адамының бойынан табылатын табиғилылық. Ал мақаланы жөндеу жазудан да қиын екенін енді түсіндім.
Алғашқы ұстаздарымның бірі Терекбай Жаңбыршыұлы «әр газет менің балам, жылына шығатын 52 газетті шығару үшін мен мың толғанып, он ойланамын» деп жиі айтып отыратын. Газет шығарудың қиындығы мен жауапкершілігін осы салада жасағандар ғана сезіне алады, түн қатып, түс қатып мәтіннің үтір, нүктесіне дейін шұқшиятын газет қызметкерлерінің әр күні шынында да толғанысқа толы болады.
Ата жасына келген аудандық газетімізде өлкеге танымал көптеген қаламгерлер қызмет етті, 75 жыл бойы халықтың жан сырласы болған «Жаңа өмір» бір бағытты ұстанды, арзан сөз айтпады, жеңіл тақырыпты талғажау етпеді. Күбірбай ағай Бірғали, Талғат, Қыдырбай, Әзірбай, Қожахмет сынды ағаларымыз қызмет еткен жылдарды газеттің алтын ғасыры деп санаса, ағай басшылық еткен 7 жыл да «Жаңа өмірдің» жаңғырған жылдары деуге әбден болады. Газеттің көркемделуі, жазу стилі жағынан біршама өзгерістер енді, көзіқарақты оқырманға тайға таңба басқандай байқалған бұл өзгерістердің енуі редактордың талапшылдығы мен жаңашылдығы еді.
Бір қараған адамға қатал болып көрінетін ағайдың пайым-парасаты, дүниедегі әр өзгеріске деген өзгеше көзқарасы өз алдына бір философия, ал ешкімге ұқсамайтын ұстанымы бізге үлкен мектеп болды. Кадр дайындаудағы шеберлігі бізді шыңдай түсті, шын ризамыз. 75 жылдық тарихы бар газеттің жеті жыл тізгінін ұстаған ұстазымызды кәсіби мерекемен құттықтап, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз.
Лаура ТЫНДЫРҒАНОВА