Қоғамға сапалы ақпарат жеткізіп, елдің ертеңін ертегіге айналдыру бағытын ұстанған, ұлтты ұлылыққа, халықты бірлікке жұмылдыруға ат салысып жүрген байланыс және ақпарат қызметкерлерінің кәсіби мерекесі маусым айының 28-ші жұлдызында тойланып келеді.
«Газет – халықтың көзі, құлағы, һәм тілі», - деп, Ахмет Байтұрсынов бекер айтпаса керек. Аудан халқының көзі, құлағы, тіліне айналған, 75 жылдық тарихы бар «Жаңа Өмір» газетінде сауатты, білім көкжиегі кең, жағымды жаңалықтарға жаны құмар біршама мамандар қызмет атқарды. Солардың бірі – Рзагүл Серікбаева «Қайнар» университетінен қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын тәмәмдап, 2004 жылы аудандық «Жаңа Өмір» газетіне жұмысқа орналасады. Халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, тұрғындардың әлеуметтік – экономикалық жағдайын сүбелі сөзбен жеткізе білген ол он жылдан астам өмірін журналистика саласына арнаған. Ел экономикасы мен құқық салаларында, ел әлеуеті мен өнер әлеміне еркін қалам тербеген ол, әлеуметтік-идеологиялық бөлімінің редакторы лауазымына дейін көтерілді. Оның қозғаған тақырыптары, жазған мақалалары елдің ыстық ықыласына бөленіп отырса, облыс, аудан әкімінен алған «Алғыс хаттары» абыройлы еңбегін айқындай түскен еді. Рзагүлдің жұмысына деген жауапкершілігі, журналистика саласына деген ыждаһаттылығы, діттеген мұратына жетер жолда аянбай еңбек ететінін сол жылдары қызметтес болғандардан талай естідім.
Қазіргі таңда Шетпе кентінде орналасқан «ҚазМұнайГазӨнімдері» ЖШС-де қызмет атқаратын Рзагүл үш баланың анасы, үлкен ұлы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта оқиды.
Екі ғасырдың куәсі, хаттаулы аудан тарихы «Жаңа өмірдің» әр оқырманның жан сырласына айналуының тарихында Рзагүл сынды мамандардың маңдай тері мен кәсіби шеберлігі жатыр. Әр уақытта қоғамдық дерттің көзін дәл тауып, ақпарат айдынында жаңалықтар жаршысы болып отыратын журналистер қауымын кәсіби мерекесімен құттықтаймыз.
Гүлжайнат ШЫҢДЫБАЕВА