Биыл арғы қазақ мифологиясын зерттеудің негізін салушы ғалым Серікбол Қондыбайдың туғанына 50 жыл. Осыған орай облысымызда зерттеушіге арналған халықаралық деңгейдегі конференция өз жұмысын бастады. Шараның мақсаты мен жұмысы жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде ұйымдастырушылар мен қатысушылар сұхбат берген еді. Олар өз еңбектері туралы және біртуар тұлға туралы естеліктер мен пікірлерін ортаға салды.
Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бөлім меңгерушісі, ф.ғ.д. Жамал Макеева:
-Бұл шараны мерейтойға ғана қатысты мәдени, ғылыми шара деп қарауға болмайды. «Ол – феномен, ол – киелі, ол – ерекше тұлға» деген сынды анықтамалар айтылып жатады. Ол жай қызыл сөз емес. Бұдан Серікболдың тұлғасының құдіреттілігі көрінеді-ау деп ойлаймын. 36 жыл ғұмырында көлемі жағынан емес, мазмұны жағынан ауқымды еңбек жазып кеткен. Одан бері біраз уақыт өтті, енді сол еңбектерді зерделеу, мазмұнын барлау деңгейіне келдік. Серікбол Қондыбай десе «мифология» ұғымы ойға оралады. Біз гректердің, басқа да өркениетті елдердің мифологиясын оқып, тамсанғанымызбен, қазақтың мифологиясы жоқ деген сыңайлы пікірлер айтылып жатады.
Ол Алла Тағаланың ба, табиғаттың немесе ерекше тылсым күштің жемісті нәтижесі, адамзатқа, қазақтың дүниесіне, Маңғыстау өлкесіне жіберген өкілі сияқты. Өзінің қызметін орындап кетуге келген адамдай көрінеді маған. Орындап та кетті деп ойлаймын. Серікбол – заманынан ерте туған адам. Алдымен Маңғыстау деп алады да, бүкіл қазақ елінің моделін жасайды. Одан әрі қарай Түркі әлеміне, одан жалпы адамзаттық әлемге шығады. Оның негізгі мамандығы тарихшы да, тілші де, этнограф та емес, ол – географ. 16 том деп отырмыз, одан тағы 16 том шығаруға, тіпті 30 том шығаруға болады. Себебі өзі айтқандай, Серікболдың уақыты аз болды, жағдайын, мүмкіндігін білесіздер. Шетпе деген шалғай ауылда компьютердің алғашқы нұсқаларымен отырып еңбек жазды. Ғаламтор деген жоқ, көптеген әлемдік ақпаратқа қолы жетпесе де өз уақытының өлшеулі екенін білді де, көпшілігінің тұжырымдарын айтып қана кетті. Ал енді оны таратып, тарқатып айту – біз бен сіздің, жаңа ғылыми ұрпақтың үлесіне тиеді.
Ф.ғ.д., Түркиядағы Гази университетінің профессоры Дилек Ибрахим:
«Мен қазір «Түркі мифология сөздігі» атты еңбекті бастадым. Бұл жұмысты кірісерден бұрын Серікбол Қондыбайдың еңбектерімен таныстым. Түркиядағы қазақ студенттері аудару жұмыстарына көмектесті. Одан бұрын орыс тіліндегі және батыстың мифологиялық кітаптарын оқып шықтым. Серікбол Қондыбайдың «Арғы қазақ мифологиясы» кітабы басқа мифологиялық кітаптарға қарағанда өзгеше. Оның еңбектеріндегі ерекше нәрсе – археология, этнография, әдебиет, фольклор барлығын жұмылдыра зерттеді. Ғалым ретінде бір айтарым, 36 жас жасаған адам үшін мұнша еңбек тудыру – адамды таң қалдырады әрі қуантады. Оның шығармаларында қазаққа тән дүниелер көптеп кездеседі және ол грек мифологиясымен салыстырмалы жұмыстар да жасаған. Салыстырмалы жұмыстар жасау – білім адамы үшін ең жоғарғы деңгей. Қысқа өмір сүрсе де мифологиялық терминдердің этимологиясына үңіліп, ғылыми түрде зерттеулер жүргізді. 99 бөлімнен тұратын балалар мифологиясының сөздігін де жасады.
Адамдар дүниеден озуы мүмкін, бірақ Серікбол сынды тұлғалардың еңбегі мәңгі жасайды және халыққа жол сілтейді.
Мәдениеттанушы, журналист-аналитик, сценарист Зира Наурызбаева:
«Серікболдың 5 томын қазақшадан орыс тіліне аудардым. Сондай-ақ тағы екі кітабын орыс тілінде баспаға дайындадым. Кей кезде өзімді Серікболды ең жақсы білетін адамдай санаймын. Өйткені еңбегіндегі әрбір сөзін, әрбір жолын мұқият оқып шықтым. Серікбол – біз үшін аномалия сияқты. Меңіреу далада, ұйықтап жатқан, артта қалған халықта осындай тұлға шығу сирек жағдай.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Бала — көңілдің гүлі, көздің нұры (ФОТО)Бір экономист жігіт келіп менен Серікболдың кітабын алды. Сөйтсем ол жігіт каратэмен шұғылданады екен. Бапкерім «Жекпе-жекпен айналысатын әрбір қазақ Серікболды білуі, шығармаларын оқуы керек» деп айтты дейді. Мен енді оның еңбектері орыс қана емес өзге де тілдерге аударылады деп үміттенемін. Оның ерекшелігі – кішкентай бір сөйлемнің қағидасын бұзып шығып, бір ғана сөйлеммен концепция ұсынады. Бізде осындай гауһартас, шамшырақ бар екенін әлемге көрсетуіміз керек. Ал қазіргі таңда «Балапан» арнасымен бірігіп бір жоба жасап жатырмыз. Күй өнеріне негізделген анимациялық туындылар жарық көрмек. Мен тізім қалыптастырғанда қазақтың әрбір мектебінен, әрбір өлкеден күй алуға тырыстым. Серікболдың сарындарын алып, оның өзі және мифологиясы туралы сценарий дайындадық».
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="55756,55757,55758"]