Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Тараз қаласының төрінде «Ұмыт болған ұлттық тағамдар» және «нео-фольклор» стиліндегі дизайнерлердің республикалық байқауы өткен-ді. Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған сайысқа ата-бабадан қалған әдет- ғұрыпты, салт-дәстүрді сақтаған маңғыстаулықтар да қатысып, арнайы дипломға ие болды.
Ұмыт бола бастаған қазақ халқының ұлттық тағамдарын жаңғыртып, халықтың төл өнерін насихаттауды мақсат тұтқан сайыста еліміздің барлық облыстары бақ сынаған. Маңғыстау өңірінен барған аспаз Толқын Түйебаева дәмі тіл үйретін тағамдарды дайындаса, «Тәрбие» сән салонының иесі Тәрбия Айдымбаева қазіргі сән тенденцияларымен үйлесім тапқан ұлтық киімдерден құралған «Ақбөбек» коллекциясын ұсынды. Көрме-байқауға «Жаңаөзен» сүт зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Хан шахар» салтанат сарайының ұжымы, Маңғыстау және Түпқараған аудандары атсалысқан.
– Заман алмасып, ұрпақ жаңғырған сайын кейбір ұлттық тағамдарымыз ұмытылып бара жатыр. Ұзатылған қыз балалы болған соң күйеуімен төркініне келіп, сақталған сыбағадан дәм татуы төркін сыбаға деп аталады. Байқауға төркін сыбаға атауымен үлпершек, өрме төстік, ұлтабар, бұжы, қазы, әсіп, қарын көмбе, жұмыршақ тағамдарын пісірдім. Кішкентай кезімде әжем осындай ұлттық тағамдарды әзірлеп, денсаулыққа өте пайдалы екенін айтып отыратын. Сол айтқандары ұмытылмастай болып, көкейімде жатталып қалды. Аспаз қызметінде жасап жүргеніме 13 жылдан асты. Ұлттық тағамдар күнделікті тұрмыста ас мәзірінен түсірмеуге тырысамын, – деді аспаз Толқын Түйебаева.
Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеген республикалық сайыстың қорытындысында маңғыстаулық аспаз Толқын Түйебаева мен «Тәрбие» сән салонының иесі Тәрбия Айдымбаеваға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова мен «Рухани даму» қоғамдық қорының төрайымы Камал Әлпейісова диплом табыстады.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН