©
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында еліміздің киелі жерлерін қастерлеуге, қорғауға алуға ерекше ден қойылып, арнайы жоба жасақталды. Соның негізінде алдағы 5 жылға (2017-2021) қасиетті орындарға арналған 5 томдық энциклопедия шығару мақсаты қойылды. Өткен жылы алғашқы томы жарық көрген кітаптың биылғы ІІ томына Маңғыстау өңірі енбек.
Бұл жөнінде бүгін «Тарихты ұғыну: Қазақстанның киелі жерлері» атты сараптамалық кездесуде айтылды.
- «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша 5 жылға арналған жоспарымыз бар. Оның аясында әр жылда алфавиттік ретпен өңірлерге арналған қасиетті жерлердің энциклопедиясы шығарылады. 2017 жылы Астана, Алматы қалалары, Алматы облысы, Ақмола облысы аумағына арналған бірінші том жарық көрді. Биылғы екінші томға Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облысын қостық. Өйткені бұл өлкелердің өңірлік тарихы бір-біріне жақын. Жергілікті өлкетанушы ғалымдармен де келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Жыл соңында «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясының ІІ том жарық көреді, - деді «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Берік Әбдіғалиұлы.
Өзге облыстардағы киелі мекендер де әліпби реті бойынша кітапқа негіз болмақ. Сөйтіп бас-аяғы 5 жыл ішінде (2017-2021) 5 том барлық Қазақстанды қамтымақ. Кітап қазақ және орыс тілдерінде шығады.
Сарапшылар бір жыл бойы Маңғыстаудың киелі жерлерін зерттеп, тізімін анықтаған. Дегенмен әлі жергілікті мамандармен кеңесіліп, толықтырулар енгізілуі мүмкін. Басты мақсат – анықталған қасиетті орындарды насихаттау. Энциклопедияның ерекшелігі – мекендердің тізімін жасап қана қоймай, оған қатысты жер-су атаулары, оны зерттеп жүрген ғалымдар, тұлғалар т.б. қажетті ақпараттар да кеңінен қамтылады.
- Бүгінгі күні Мемлекеттік ескерткіштерді қорғау заңына өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Сонда оған арнайы «Қасиетті жерлер» деген бап қосылады. Нәтижесінде әрбір анықталған киелі жерлердің паспорты жасалып, заңмен бекітіледі және Мемлекет қорғауына алынады. Яғни, оларды тек археологиялық ескерткіш емес, рухани құндылық ретінде қабылдауымыз керек, - дейді Берік Әбдіғалиұлы.
Әзірге республика бойынша 185 жалпы ұлттық және 456 өңірлік нысан анықталған. Олардың қатары әлі толығуы мүмкін.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ