©
Бұл жөнінде ведомствоаралық үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысында Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков мәлімдеді.
2016 жылы Каспий теңізінің жағалауынан 100 метрдей қашықтықта «Песчаный» мүйісі ауданынан (Құрық а. 35 км) батысқа қарай «АРАКС» кеме-танкері қайраңға тұрып қалды.
Кемеде құрамында мұнай бар заттармен ластанған қалдықтардың көлемі – 930 тонна. Нақтырақ айтсақ, 17 қап (әрқайсысының салмағы 1 тонна), басқа кемелерден алынған 13 екі жүз бөшке мазутталған топырақ, басқа кемелерден алынған 130 тонна тастақ су, 130 тонна пайдаланылған май, 200 тоннаға жуық мұнай өнімдері және 500 тоннадай танкерде жинақталған су (су өтпейтін бөліктер) болған.
Кеме РФ Махачкала қаласының «Транскаспий» ААҚ тиесілі болғандықтан, ҚР заңнамасына сәйкес Ресей Федерациясының уәкілетті мемлекеттік органдары хабардар етілген.
Кемені тазартуға облыстық бюджеттен «Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына» 39 200 000 теңге сомасында қаржы бөлінді. Лотты ұтып алған «БатысМұнайТранс» ЖШС 2017 жылдың 11 қазанында тазалау шараларын бастаған болатын.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жаңа цех жұмысын бастады2017 жылдың желтоқсан айында аталмыш компания 480 тонна қалдықты тазартып, атқарылуы тиіс жұмыстың 50 пайызын орындады. 19 594 400 теңге қаражатты игеріп, қаржы бюджетке қайтарды және келісімшарт тоқтатылды.
Соған байланысты наурыз айында «Аракс» кемесін тазартудың екінші этабына компаниялар арасында конкурс жарияланған болатын.
- Қазіргі уақытта танкердің иесі табылды. «Транскаспий» кеме қатынасы компаниясы» жауапкершілігі шектеулі қоғамы «Аракс» кемесін сатып-алу келісім-шартына сәйкес «Ай-Рай» ЖШС-не сатып жіберді. Бұған дейін кемені тазартуға бағытталған қаржы текке кеткен жоқ. Зиянды заттардың 50 пайызы жойылды. Біз үшін ең бастысы - кеменің толыққанды тазаланып, айналасына зиянын келтірмеуі. Биыл қалғанын тазартуға бюджет қаржысын жұмсамай, егер жалғастыруға ниеттілер табылып жатса, біз неге шектеу қоюымыз керек? "Ай-Рай" компаниясының бұл тұрғыда тәжірибесі бар екенін анықтадық, мүмкіндігі жеткілікті. Енді танкерді тазарту жұмыстарын осы компания жалғастырады. Бүгінгі таңда тазалық жұмыстарын және кемені судан шығару мақсатындағы шаралардың жоспары жасақталып жатыр, - дейді Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Темірұлы.
«Араксты» тазарту жұмыстары 5 мамырда басталады деп жоспарланған.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суретті түсірген автор