Елордада тоғызқұмалақтан Астана қаласының кубогі үшін жасөспірімдер арасында «Жас үміт» республикалық фестивалі өтті. Ұлттық ойынды дәріптеген жарыс командалық жəне жекелей есепте өтіп, оған барлығы 16 команда қатысты. Командалық есепте Маңғыстау облысының жасөспірімдері екінші орынды еншілеп, аймақ абыройын арттырды. Жекелей есепте маңғыстаулық Райхан Қайрат пен бесдемше бойынша Əділбек Дауылтаев бірінші орынды қанжығалап, алтыннан алқа тақты. Сондай-ақ, Дархан Бұрхан екінші орынға және Жұмакелді Тұрақбай үшінші орынға тұрақтады. Ойыншыларды жарысқа Ақтау қаласының тоғызқұмалақтан жаттықтырушысы Жомарт Жақиев дайындады.
- Ойыншылардың ойлау қабілетін дамытып, есепке мықты болуға, асқан сабырлыққа баулитын спорттың бұл түрімен облыста айналысатындардың қатары көбейіп келеді. Бұл әрине бізді қуантады. Айта кету керек, өңірімізде мектептерде оқушыларды тоғызқұмалақтан дайындайтын арнайы үйірмелерде жұмыс жасайды. Соның нәтижесінде облыстық, республикалық жарыстарға аймақ атынан қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүрген ойыншыларымыз да көп. Астана қаласында өткен республкиалық жарыста да ойыншыларымыз жақсы ойын көрсетіп, үмітімізді ақтады,-дейді Ақтау қаласының тоғызқұмалақтан жаттықтырушысы Жомарт Жақиев.
Сонымен қатар, 10-12 маусым аралығында тоғызқұмалақтан Маңғыстау облысының əйелдер арасындағы командалық біріншілігі ұйымдастырылды. Жарысқа Ақтау жəне Жаңаөзен қаласы, Түпқараған, Мұнайлы, Маңғыстау ауданынан барлығы 5 команда қатысты. Айналма жүйеде командалар кездесіп, команда бойынша жеңімпаздар анықталды.
- Жарыста Ақтау қаласының құрама командасы жақсы ойын көрсетіп, бірінші орынды жеңіп алды. А. Жұмабаева, Н. Такенова, А. Қосумбаева, А. Изтурғанова, А. Төлеповадан жасақталған команданы жарысқа Жомарт Жақиев дайындады. Командалық есепте екінші орынға Мұнайлы ауданы тұрақтады. Команда құрамында А. Қаламова, Г. Талипова, А. Аманжол, М. Базархан, А. Абатовалар өнер көрсетті. Үшінші орыннан Түпқараған ауданының командасы көрінді. Команда құрамында М. Назарбаева, Н. Қайырғалиева, Н. Амангелді, А. Елменбетова, А. Қайырбаева бар. Жарыс жеңімпазы атанған Ақтау қаласының командасы тамыз айында Астана қаласында өтетін Қазақстан Республикасының әйелдер арасындағы командалық чемпионатына жолдама алды. Команда ойыншыларына сəттілік пен жеңіс тілейміз,-дейді облыстың тоғызқұмалақтан аға жаттықтырушысы Гаухар Жакиева.
Венера МИРЛАН