Қасиетті Тараз төрінде көркем гимнастикадан республикалық ашық чемпионат мәресіне жетті. Аталмыш жарыстан балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінің 11 шәкірті жүлделі орынмен оралды. Тарқатып айтар болсақ, Елизавета Лоншакова жарыс жеңімпазы атанып, алтыннан алқа тақты. Сондай-ақ, Аққуым Манарбекқызы, Ақбөбек Дүйсен, Алиса Бозбаева, Мария Түгелбаева, Фарида Түркменбай, Ұлжан Әбдрахман, Диана Оразбай, Нұршат Қалдыбай, Мерей Сұлтанбек, Софья Бочкарева қола медальға ие болып, облыс мерейін өсірді. Жарысқа жеткіншектерді «Жастар» спорт мектебінің көркем гимнастикадан жаттықтырушылары Бибігүл Ерназарова мен Светлана Седенкова дайындады.
-Байрақты бәсеке жекелей және топтық жаттығу бойынша өтті. Жарыстың мақсаты-елімізде көркем гимнастиканы дамыту, жас гимнастшылардың спорттық шеберлігін шыңдау, достық қарым-қатынасты нығайту және тәжірибе алмасу. Көркем гимнастикада толқынды, серіппелі қозғалыс, иіліп, бұралу, денені тік ұстау, би өнеріне тән жүріс, жүгіріс, секіру басым келеді. Жарысқа қатысушылар да осы үдеден шығып, жақсы өнер көрсетті. Жарысқа біздің спорт мектебінен 23 гимнасшы қатысты,-дейді балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінің көркем гимнастикадан жаттықтырушысы Светлана Седенкова.
Дүбірлі додаға Астана, Алматы, Қарағанды, Ақтау, Шымкент, Қызылорда, Тараз қалаларының гимнасшы қыздары қатысып, бақтарын сынады. 500-ге жуық 5 пен 16 жас аралығындағы гимнасшылар музыка сазымен лента, доп, шеңбер арқылы гимнастикалық жаттығулар жасап, өнерлерін көрсетті. Республикалық жарысқа алғаш қатысып отырғанына қарамастан Аққуым Манарбекқызы да тамаша спорттық бапта екенін көрсете білді. Кішкентай ханшайым аталмыш жарыста өз тобынан ерекшеленіп, барлық берілген тапсырмаларды өз деңгейінде орындап, жекелей өнер көрсетуде қола медальді еншіледі. Бес жас ар гимнасшы болашақта көркем гимнастика өнерінің хас шебері Әлия Юсупованың бағындырған жетістіктерін қайталағысы келеді.
-Мен жарыста жекелей көріністе өнер көрсеттім. Жүлделі орынды иеленгенім үшін өте қуаныштымын. Мені жарысқа дайындаған жаттықтырушым Бибігүл Ерназароваға алғыс айтамын. Болашақта биік белестерді бағындырып, Әлия Юсуповадай белгілі гимнасшы болғым келеді,-дейді Аққуым Манарбекқызы.
Венера МИРЛАН