Маңғыстау облысының аумағына көршілес жатқан елдерден еңбек мигранттары ағылып келуде. Олардың басым көпшілігі заңсыз жұмыс жасап жүр. Ақтау қаласында заңсыз жұмыс жасап жүрген Өзбекстан Республикасының азаматтары еліміздің шекарасына өтер кезде келу мақсатын «жеке шаруамен» деп көрсетеді, ал шын мәнінде табыс табуға келеді. Олардың негізгі табыс көзі – әр түрлі құрылыс пен шаруашылық жұмыстары.
Маңғыстау облысында заңсыз жүрген еңбек мигранттары көп жағдайда өз елдеріне жұмыс науқаны біткен кезде ғана оралып, еліміздің аумағында жүру мерзімін шектен тыс асырып жібереді. Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы екіжақты келісімге сәйкес ол елдің азаматтары біздің мемлекетімізде бір ай мерзімге дейін жүре алады. Мерзімді ұзарту тек келісімде көрсетілген шұғыл жағдайларда ғана рұқсат етіледі. ҚР «Мемлекеттік шекарасы туралы» Заңының 15- бабына сәйкес мемлекеттік шекараны кез-келген әдіс-тәсілдерді қолдана отырып өткізу пункттерінен тыс жерден немесе өткізу пункттері арқылы, бірақ белгіленген тәртіптерді бұзып өткен тұлғалар, жоғарыда көрсетілген заң бұзушылықтары бар шетел азаматтары потенциалды мемлекеттік шекараны бұзушылар болып танылады. Өйткені, аталған жұмыс мигранттарының барлығы мемлекеттік шекара арқылы өз елдеріне оралады. Ал ҚР Қылмыстық кодексінің 330- бабына сәйкес мемлекеттік шекарадан белгіленген құжатсыз немесе бекітілген тәртіпті бұзып өткен тұлғалар 200 – 500-ге дейінгі айлық есептік көрсеткіш немесе құқықбұзушының 2 айдан 5 айға дейінгі уақытта алатын айлық жалақысы көлемінде айыппұл төлейді немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Аталған баптың 2-тармағына сәйкес көрсетілген әрекет алдын-ала ұйымдасқан топпен немесе ол әрекет зорлық көрсету арқылы жасалса бес жылға дейін бас бостандығынан айырумен жазаланады.
Тағы да бір атап өтетін жағдай, осы заңсыздықтың орын алуына өз азаматтарымыздың қол ұшын беріп отырғандығы. Мәселен, Жаңаөзен қаласы, Бейнеу елдімекенінің тұрғындарының арасында кейбір азаматтар табыс табу мақсатында облыста заңсыз еңбек мигранттарына жұмыс тауып беру, тиісті жұмыс жасау аудандарына жеткізіп салу, елдеріне қайтып бара жатқандарын құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен жасырып шекараға дейін жеткізіп салу, одан кедергісіз өткізуге жағдай жасау және т.б. қызметтер көрсетумен айналысады. Заңсыздыққа жол берген азаматтар да ҚР заңдарына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Ақтау шекара жасағының басшылығы жергілікті тұрғындардан осындай келеңсіз жағдайларға бармауды және шекара күзету ісіне көмек көрсетуді сұрайды. Мемлекеттік шекара аймағында (жолағында) тәртіпті бұзу туралы фактілерді келесі сенім телефондарына хабарласуды сұраймыз: Ақтау қаласы: 8 (7292) 460-797, 8 (7292) 460-708, 8 (7292) 460-707 немесе ҚР ҰҚК Шекара қызметінің жақын бөлімшесіне, ҰҚК органдары.Азат ҚАЙСАРОВ,
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Ақтау
шекара жасағы бөлімінің бөлімше офицері.