Бұл жөнінде Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар Департаменті мамандары мәлімдеді. Бүгін сауда және ойын-сауық орталықтарындағы өрт қауіпсіздігін сақтау, өрттің алдын алу мәселелерін талқылаған дөңгелек үстел өтті. Оған төтеншеліктермен қатар, жеке кәсіпкерлер мен мекеме басшылары қатысты.
Жиын барысында тілсіз жауды болдырмау, төтеп беру жөнінде сөз қозғалып, сауда орындарының апаттық жағдайларға дайындығы бір пысықталды.
Ресейдің Кемер қаласында болған өрт оқиғасына байланысты ертеңнен бастап облыс бойынша барлық сауда, ойын-сауық орындары жоспардан тыс тексеріле бастайды. Ол еліміз бойынша қауіпсіздік шараларын өткізу туралы Үкімет пен Бас Прокуратура тарапынан келісілген хаты негізінде жүргізілмек.
- Облысымызда аумағы 1500 шаршы метрден асатын барлығы 52 сауда нысан бар. Қазір барлығының басшыларына хабарлама жолданды. Ертеңнен бастап осы мекемелерге тексеріс жүргізіледі. Дабыл қаққыштарға, қосалқы шығу есіктеріне, адамдардың қауіпсіздік ережелерін қаншалықты меңгергендігіне, кезекшілердің оқу-жаттығудан өткеніне көңіл бөлінеді. Одан бөлек су құбырларына, өрт сөндіру крандарына тексеріс жүргізіледі. Бізге үш ай уақыт берілді. Дегенмен нысандар саны аз емес, оның үстіне балабақшалардың да дайындығын бақыламақпыз, - дейді МО ТЖД басшысының орынбасары, Азаматтық қорғау майоры Мұрат Мұқанов.
Сауда саттық, ойын-сауық орталықтары өрт жағдайларының алдын алу мақсатында жоспарлы түрде жылына бір рет тексеру жүргізіледі. Ұйғарымдамадағы өрт қауіпсіздік ережелері толық орындалмаған жағдайда ол ҚР әкімшілік құқық бұзу кодексінің 462-бабының 1-тармағымен әкімшілік сотқа жолданады.
- 2017 жылғы тексеру барысында облыс бойынша 3 нысанда өрттен сақтану ережелері сақталмағаны анықталды. Ақтау қаласы Сары базардағы «Мағаш» ЖШС, Жаңаөзен қаласы «Жібек Жолы» сауда орталығы және Ақтау қаласы «Қазақстан» сауда орталығындағы «Ақтаустройсервис» ЖШС нысандарын кемшіліктер анықталып, әкімшілік сотқа жолданды. Соттың шешімімен аталған мекеме басшылары әкімшілік шараға тартылды. 1 ай мерзімге олардың жұмысы тоқтатылған болатын. Қазір ол нысандар толықтай жұмыс істеп тұр. Осы жылы қайтадан тексеріс жүргіземіз, - деді Ақтау қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Алмас Ысқақов.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтауда психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті ашылдыАйта кетейік, қауіпсіздік ережелерін бақылау - аумағы 1500 шаршы метр және одан үлкен нысандарда өтпек. Жоспарлы түрде өтетін тексеріс – 1 ай бұрын, жоспардан тыс тексеріс – 1 күн бұрын ескертіледі.
Еске салайық, өткен жылы облысымызда 284 өрт оқиғасы тіркеліп, 7 адам қаза тапқан. 19 адам жарақат алған.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА