©
31 наурыз күні спорт интернаттары арасында дзюдодан Қазақстан Республикасы чемпионаты өтті. Сайыста «Жас Батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі Қуанышұлы Нұрбек 73 келі салмақта топ жарды.
17 жасар спортшы Шымкентте өткен додада Астана, Тараз, Алматы және Павлодардан келген дзюдошыларды тізе бүктірген.
Нұрбек Қуанышұлы Шетпе кентінде дүниеге келген. Осыған дейін дзюдодан ҚР екі дүркін күміс және қола жүлдегері атанған. Самбо күресі мен Азия балалар ойындарының қола жүлдегері, Еуропа кубогының чемпионы.
Сондай-ақ Нұрбектің жаттықтырушысы Жомарт Қобланов 10-14 сәуірде Ташкент қаласында Азия кубогы өтетінін жеткізді. Шетпелік ұлан қазір Шымкент қаласында сол додаға қызу дайындық жүргізіп жатыр. Сәттілік тілейміз!
Айта кетейік, дзюдодан бапкерлер арасында Жапонияның Токио қаласында xалықаралық семинар өтті. Онда МО «Жас Батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бапкері, Нұрбекті сайысқа дайындаған Қобланов Жомарт Дүйсенбіұлы xалықаралық дәрежедегі біліктілігі жоғары бапкер сертификатымен марапатталды.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА