Пхёнчхандағы Олимпиада ойындарында әйелдер арасындағы могул сайысы мәресіне жетті.
Қазақстандық фристайлшы Юлия Галышева финалда 77.40 ұпай жинап, жарысты үшінші орында аяқтады. Осылайша, жерлесіміз ел тарихында тұңғыш рет қысқы Олимпиада ойындарында фристайлдан жүлде алды.
- Өте қуаныштымын. Бұл менің бірінші Олимпиадалық жүлдем. Барлықтарыңызға алғыс айтамын - командама, еліме, жанкүйерлеріме. Кеше жүлделі орынға ілінетінімді сезген едім (күлді). Сынған қолым Олимпиада медалін алу үшін қосымша мотивация берді, - деді Галышева olympic.kz сайтына берген сұқбатында.
Ал Олимпиада алтыны франциялық Перрин Ляфонтқа бұйырды - 78.65 ұпай. Күміс жүлдені канадалық Жюстин Дефюр-Ляпоинт иеленді (78.56. ұпай).
Жүлдеге талас өте тартысты өтті. Іріктеуден бөлек финалдың өзі үш кезеңнен тұрады. Суперфиналға жолдама алатын алтылықтың алтыншысы болып іліккен отандасымыз бар күшін соңына жиыпты. Үш спортшының алдын орап, тұғырдан көріне білді.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін қазақстандық спортшылар қысқы Олимпиада ойындарында ешқашан фристайлдан жүлде алмаған.
Олимпиада ойындары - 2018. Пхёнчхан
Могул, әйелдер, суперфинал нәтижесі:
Бүгін ерлер арасындағы могул сайысынан Дмитрий Рейхард жүлдеге таласатын болады.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттер olympic.kz сайтынан алынды