©
Маңғыстаулық темір жол жастары бұған дейін уәде еткендеріндей Жаңа жыл мерекесінде бірнеше әлеуметтік қорғауға алынған мекемені аралап, қамкөңіл жандарға жаңажылдық концерт сыйлады.
Игі шара Маңғыстау темір жолы басшылығының қолдауы, түбектің өнерсүйер өзге де жастарының атсалысуымен өтті. Алдымен олар Ақтау қаласының 14 шағынауданындағы жетімдер үйіндегі балғындарды құттықтай барып, қуантты. Қарттар мен мүгедектердің интернат үйінде, балалар ауылында, ана мен бала орталығында да болып, өнерден шашу шашты. Кештің тартымды өтуіне теміржолшылармен бірге жақсылық жасауға жаны құмар жергілікті өнерсүйер жастар Әсем, Сәуле, Айдар, Еламан, Жазира, Жаңылсын, Жаннұр, Самат, Бауыржан, Наурызхан, Алтынай, Әсия, Жансая, Ізбасар, Ерлан, Еркін, Жетпіс, Орынбасар, Айдос, Зама, Диана да қолдан келгенше үлестерін қосты. Бұл жігіт-қыздардың біреулері қаржылай, музыкалық аспаптар жағынан қолдау көрсетсе, басқалары ертегі кейіпкерлері болып киініп, қолынан келгенін аянбай, ән айтып, би билеп, барлығы бірлесе көңілді кездесудің көрігін қыздырды. Қарияларға мерекелік дастархан жайылып, өз жастық дәуірлерін еске салар сахналық қойылымдар ойналды. Балалар тақпақ айтып, Аяз ата мен Ақшақардан сыйлықтар алды, шад-шадыман болды.
- Ұйымдастырған шарамыз көптің көңілінен шықты. Бастысы - қарияларымыздың мұң басқан жүзіне күлкі ұялады, балалардың көзінен қуаныш көрінді. Ата-әжелеріміз батасын беріп, мекеме басшылықтары алғыстарын айтып жатты. Соның өзі неге тең, -дейді ұйымдастырушылар теміржолшы жастардың аймақтық өкілі Қуатбек Көпбаев және "Мұнайлы" газетінің хатшысы Әсем Амангелді.
Шахида ЖҰМАН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="45831,45829"]