©
"Өзенмұнайгаз" акционерлік қоғамының жұртшылықпен байланыс департаменті әр жылдың аяғында өлке журналистері үшін баспасөз турын ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Биылғы бесінші рет өткізіліп отырған шараға бір топ әріптестерімізбен бірге қатысудың сәті түсті. Мұнайшылардың өндірістік-техникалық, әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытындағы біраз жаңалықтарды көзімізбен көріп, қуаныштарына ортақтастық.
ЖОЛДАР, ЖОЛДАР...
Жаңа нысандарды аралатып, таныстырған жол бастаушымыз – компания бас директорының транспорт және әлеуметтік сұрақтар жөніндегі орынбасары Мақсат Ибағаровтың өзі болды. Бір күн бұрын «Жаңаөзен қаласының Құрметті азаматы» атағын алған марапат иесін құттықтадық. Арадағы әңгіме тиегі алғашқы нысанға барар жол үстінде ағытылып кетті. Соңғы отыз жылдан бергі өмір жолы осы Өзен мұнайын өндіру ісімен байланысты өрілген азаматтың айтары көп екен. Қарапайым жұмысшылықтан бастап осы компанияның басшысына дейінгі лауазымдық баспалдақтан өткен Мақсат құрдасым өндіріс орындарына баратын тегіс қара жолдың жайынан бастады сөзін. Жыл сайын компанияның өз күшімен орташа есеппен 20 шақырымдай асфальт жол төселеді екен, ілгеріректе одан да көлемдірек болғанын да айтты. Өндірістік бағдарлама аясында Өзен, Қарамандыбас кенорындарындағы кәсіпшілікішілік жолдарды жаңарту жалғасып жатыр. 2017 жылы №1 Мұнай-газ өндіру басқармасының аумағында 1,6 км, №4 Мұнай-газ өндіру басқармасының аумағында 2,5 км және басқа да нысандарда жолдар салынған.
КЕШЕГІ МЕН БҮГІННІҢ ПАРҚЫ БАСҚА...
Алдымен барып көрген нысанымыз - №2 Скважиналарға қызмет көрсету басқармасының 350 орындық тұрмыстық шаруашылық кешені болды. Құрылысы әлі жалғасып жатыр екен. Жаңа жылда жұмыстарын мердігер мекеме «ФирмаЛАН» ЖШС толық аяқтауы тиіс жалпы аумағы 406 шаршы метр болатын кешенде қызметкерлер мен жүргізушілерге барлық жайлы жағдай жасалынатындығын басқарма басшылары ғимаратты аралатып көрсетіп, әрбір орынның өзіндік қызметін тәптіштеп түсіндіріп жатты...
Кейінірек жолбасшымыздан естіп білгеніміздей, №1 Мұнай-газ өндіру басқармасының Өндірістік қызмет көрсету базасында да 70 орындық тұрмыстық-шаруашылық кешен пайдалануға беріліпті. Жұмысшыларға жасалатын жағдайдың кешегісі мен бүгінгісінің айырмашылығы жер мен көктей екендігін өз басынан кешкен мысалдармен айтып жеткізді. Шүкіршіл халықпыз ғой, мұнай өндірудің нағыз бейнетін тартқан аға буын мұнайшылар үшін қиялдай болып көрінген заманауи жетістіктерді бүгінгі ұрпақтар көріп отыр. Даму, өркениетке ұмтылу бағытындағы жұмыстардың игілігін қашанда жұмыстың ең ауыр тұсында жүретін қарапайым жұмысшылар көруі керек қой!..
ЖАҢА БАЗАДА – БӘРІ ЖАҢАША
Тағы бір жаңа нысанға келдік. Мұнай өнеркәсібі құралдарын және технологиялық коммуникацияларды жөндеу басқармасының жаңа базасы құрылысының аяқталуы кәсіпорын тарихындағы елеулі жетістіктердің бірі. Жобалық құны 6,7 млрд. теңге тұратын, 12731 шаршы метр аумақты алып жатқан жаңа нысан заманауи станоктармен, киім ауыстыру, жуыну бөлмелерімен, әкімшілік ғимаратымен қамтылған. Бас мердігер «SM TRADE CONSTRUCTION» ЖШС құрылыс жұмыстарын 2014 жылы бастап, төрт жыл бойы жүргізген екен. Озық үлгідегі жылыту, ауа тазарту жүйелері орнатылған үлкен цехтарда жаңа заманауи станоктар қойылған. Құрал-жабдықтардың ескілерден ең басты айырмашылығы қауіпсіздігінде екен. Станоктардың сексен пайызы шетелдік жетілдірілген озық үлгілермен ауыстырылыпты. Жалпы 328 адам еңбек ететін осы басқармада негізінен мұнай өндірісі жабдықтарының бөлшектерін, жылыту пештерін, басқа да қажет темір детальдарды жасап шығаратын және жөндеу бойынша қызмет көрсететін бес цех бар. Мұндағы ең мықты станоктардың бірі компьютерлік бағдарламамен басқарылатын және бұйымдарды жекелеп емес сериялы түрде көптеп шығаратын болгариялық станок екен. Оның басты артықшылығы – өнімділігінде және ешқандай өндірістік ақауға жол бермейтіндігінде, дейді мамандар. Цех жанындағы жасанды жасыл төсеніш төселген шағын футбол алаңы көзге түсті.
ЖАБДЫҚ ЖАҢАРДЫ – ӨНІМДІЛІК АРТТЫ
Жерасты жабдықтарын диагностикалау және жөндеу цехының жаңа жуу ванналары іске қосылыпты. Бұл жерде тәулігіне 2400 дана сораптық-компрессорлық құбыр, 2100 дана сораптық шыбық, 50 дана тереңдік сорап жуылады екен. Аумағы 2630 шаршы метрді алып жатқан, 260 адам жұмыс істейтін цехтағы өзгерістер мен жетістіктер туралы таныстырған цех бастығы Нұрболат Қарабаев мұндағы төрт жуу ваннасы жұмыс сапасы мен өнімділігін анағұрлым арттырғанын және мұндай озық әдістің әзірге ТМД бойынша өздерінде бар екенін мақтанышпен жеткізді. Осы жылдың ішінде цехты кеңейту, жаңа жабдықтар орнату жұмыстарына 1,99 млрд. теңге жұмсалыпты.
ДАМУ КОНЦЕПЦИЯСЫНДА КӨЗДЕЛГЕН...
Мақсат Ибағаровтың айтуынша, 2017 жылы компанияның Даму концепциясы қабылданыпты. Соның аясында скважиналарға жасалатын геофизикалық зерттеулердің интерпретациясының бірыңғай жүйесі жасақталады, сынамалы телім бойынша қайта интерпретецаялау, барлауға дейінгі бағдарлама жасақтау, геофизикалық тәсілдермен анықталған есепте жоқ қабаттарды сынау жұмыстары іске асырылмақшы екен. Қабатқа айдайтын судың сапасын жақсарту, №2Мұнайдан суды алдын ала айыру цехын жаңғырту, 1000 арнайы техникаға арналған автосервистік орталықтың құрылысын салу, скважиналардың жерасты жабдықтарының жөндеу аралық кезеңін ұзарту, автопаркті жаңарту, автономды газ-турбиналық энергостанса салу, автоматтандыру жұмыстарын қайта жаңғырту, басқа да көптеген күрделі де жауапты жұмыстар сол даму концепциясына кіріп отыр.
«ШИКІЗАТ ҚОРЫ ҚАНША ЖЫЛҒА ЖЕТЕДІ?»
Жол бойы осы кенорынның кешегі және бүгінгі тыныс-тіршілігін бес саусағындай білетін Мақсат маманнан көбірек мағлұмат алуға тырысты әріптестерім. Тек мұнай өндірісі тақырыбы ғана емес тарих, әдебиет, ғылым бағытында қозғалған әңгімелерді де өрбітіп, жан-жақты білімді азамат екендігін байқатты сұхбаттасымыз. «Өзен мұнай кенорнының шикізат қоры қанша жылға жетеді?» - бұл барлығымызды да толғандырған сауал еді. «Барлау, зерттеу болжамдары бойынша осы өндіріс қарқыны сақталатын болса, әлі де 25 жылдай уақытқа жететін қоры бар» деген жауап алдық. «Негізінде, адамдар Алладан шын ниетімен дұға етіп тілейтін болса, Алланың қазынасы түгесілмейді», - деп оптимист Тойған әріптесім әңгімеге араласты. «Солай болсыншы!» деп қостадық біздер...
Мұрат ЖЕТЕКБАЙ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="45767,45775,45765,45778,45777,45776,45762,45763,45774,45773,45772,45770,45769"]