Ақшұқыр ауылында жер мәселесі бойынша шешілмей жатқан мәселе көп. Былтырғы жылдың сәуір айына дейін ауыл тұрғындары жер мәселесі бойынша қандай да бір құжатты реттеу үшін Түпқараған ауданының орталығы Форт-Шевченкоға қатынауға мәжбүр болған.
Ақшұқыр мен Сайын Шапағатов ауылының тұрғындары үшін жақсы жаңалық - Ақшұқыр мәдениет үйі жанындағы ғимараттан филиал ашылған. Сәуір айынан бері белсенді жұмыс істеп келе жатқан 4 маман бүгінге дейін 1001 тұрғынды қабылдап үлгеріпті.
- Бұл дегеніңіз - 1001 тұрғын 130 шақырымда қашықтықта орналасқан Форт-Шевченкоға қатынамай, ауылдан жер мәселесі бойынша құжаттарын реттеп, шаруасын бітірді деген сөз. 2017 жыл бойына Түпқарағанда "Жер учаскесіне жеке меншік құқығына сәйкестендіру құжаттарын дайындау және беру" қызметі бойынша 1734 қызмет көрсетілсе, соның 1001-і Ақшұқыр ауылы тұрғындары екен. Ақшұқыр тұрғындары арасында жер алу, құжаттарды реттеу сияқты мәселелер жиі қаралатынын осыдан көруге болады, - дейді Маңғыстау облысы бойынша жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру Департаментінің директоры Мұса Хайруллиев.
- 2017 жылдың сәуір айынан бері 1000-нан аса тұрғынға қызмет көрсеттік. Біз қазіргі таңда жерге орналастыру мәселе бойынша алғашқы қызметінен бастап қабылдаймыз. Ақшұқырда өзіміздің канцеляриямыз бар, канцелярия арызды қабылдайды, тіркейді, шығыстайды, жерге орналастыру жобасын жасақтайды. Мемлекеттік сәйкестендіру құжатын алғанға дейінгі құжаттар осы филиалдан беріледі. Мемлекеттік сәйкестендіру құжаты Ақшұқыр мен Сайын Шапағатовқа ортақ ЦОН-да қабылданады. Екі ауылдың тұрғындары мүлдем Форт Шевченкоға бармайды, - дейді Түпқараған аудандық бөлімшесі басшысының орынбасары міндетін атқарушы Ержан Макенов.
Ақшұқыр ауылының тұрғындары жаңадан ашылған филиал жұмысына дән риза. Көп балалы ана Күләш Қасымова бүгін өзіне тиесі жер учаскесінің құжаттарын реттеуге келгенін айтады. Оның айтуынша, Форт-Шевченкоға бір қағаз үшін жол жүру кез келген тұрғынның қолынан келе бермейді.
- Денсаулығы нашар адамдар да бар. Жолды көтере алмайтын жүкті әйелдер де бар. Бұл біз үшін таптырмас мүмкіндік болды. Қызметкерлерге, филиалды ашқан мекемеге алғысым шексіз, - дейді Күләш Қасымова.
Ал біз Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру Департаментінің филиалы жұмысына сәттілік тілейміз.
Айгүл ДӘДЕН Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН