Жаңаөзендегі «Жастар аллеясында» «Street Workout» спорттық алаңы ашылды.
Жаңаөзен қаласының әкімдігі де аталған спорттық алаңды орнатуға қолдау көрсетті. Жаңа воркаут алаңын салуға ЖШС «Кенгуру-Қазақстан» мердігер мекемесі және «Астана-Банкі» АҚ Ақтау қаласындағы филиалы мұрындық болды.
Воркаут - бұл көше жаттығулары спорты. Қазір қарқын алып келе жатқан спорттың осы түрімен елімізде мыңдаған жас айналысады.
Елбасымыз бұқаралық спортты дамытуға, жастарымыздың салауатты өмір салтын сақтауына ерекше назар аударып отыр. Қаламызда соңғы жылдары спорт алаңшалары орнатылып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Мемлекеттік - жеке меншік әріптестіктің тетігі аясында өңірімізде әрбір кәсіпкер мектеп, балабақша, спорт кешенін салуына, мемлекеттен көмек алуына мүмкіндік береді.
- Жыл сайын спортпен шұғылданатын жастар саны артуда. Қаламызда салауатты өмір салтын ұстанатындар қатарының көбеюі аса маңызды. Спорт алаңының ашылуына арнайы келген қонақтарға алғысымды білдіремін. Осыдан кейін бұл спортқа халықтың қызығушылығы арта түсетініне сенімдімін, - деді қала әкімі Ә.Дауылбаев.
Ептілік пен шымырлық, жеңілдік пен жылдамдыққа үйрететін жаңа алаңның лентасын Жаңаөзен қаласы әкімі Әділбек Дауылбаев мен «Астана-Банкі» АҚ-ы Ақтау қаласы филиалы директорының орынбасары Серік Төлембетов қиды.
«Street Workout» спорттық алаңдары еліміздің барлық аймақтарында салынып, қазақстандықтарды қуантуда. Біз жастарды қолдаймыз, олардың денсаулығының мықты болуына, жан-жақты дамуына, өсуіне мүмкіндік сыйлаймыз», - дейді С.Төлембетов.
Меруерт ТЕҢЕЛБАЕВА,
қалалық дене шынықтыру және
спорт бөлімінің инспекторы