©
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың үндеуімен басталған «Асар» қайырымдылық акциясының аясында кешеден бері жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетілуде. Шараның мақсаты - аз қамтылған жанұяларға, көп балалы аналарға және көмекке мұқтаж жандарға демеу болу.
Алдымен, облыс әкімі Ералы Тоғжанов пен Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязов ҰОС ардагері, мүгедек Айберген Жүзбаевтың отбасына барды. 97 жастағы қария қызымен және немересімен бірге тұрады.
Айберген Жүзбаев 1941 жылы Белоруссияға соғысқа аттанған. 2 жылдан соң жарақат алып, госпитальға жіберіледі. Ем алған соң, қайтадан майданға сұранып, 1945 жылдың сәуір айына дейін Отанын қорғауда жан аямай күреседі.
Соғыс аяқталған соң, Түркменстанда 35 жыл слесарь болып қызмет атқарған. Қазақстанға 2008 жылы қоныс аударыпты. 2013 жылы мемлекет тарапынан пәтер берілген.
Аймақ басшысы Ералы Тоғжанов ақсақалдың хал-жағдайын сұрады. «Сіз сияқты қан майданда кеудесін оққа тосып, Отанын қорғаған батырларымызды құрметтеп, олардың өзі барында бағалап, жасаған игі істерін ғибрат ету - азаматтық парызымыз. Өнегелі өміріңіз, ерлігіңіз еңселі еліміздің жас Ұрпағына үлгі болсын! Бүгін, міне Сізге арнайы келіп, өз атымнан және барша Маңғыстау жұртшылығы атынан құттықтауға келіп отырмын. Отбасыңызға амандық пен саулық тілеймін!»,-деді.
Акция аясында Мейрамгүл Ашихбаеваның отбасына да көмек көрсетілді. Жалғыз басты ананың 4 баласы бар, күйеуі қайтыс болған. Бүлдіршіндерінің ең кішісі 1-сыныпта оқиды. Қала әкімі Ғалымжан Ниязов отбасының жағдайын сұрады. Мейрамгүлдің үлкен ұлы жұмысқа орналастыру туралы өтініш жасап, шаһар басшысы көмектесуге әзір екенін айтты. Сонымен қатар, ақшалай қаражат пен жаңа жылдық сыйлықтар тапсырды.
«4 балам менің көз қуанышым. Олар аман болсын! Ешкімнен кем қылмай, бағып қағуға тырысып келемін. Сіздерге үлкен рахмет. Біз сияқты отбасыларға қолдау көрсеткеніңіз арқасында қаншама жанұя қажеттіліктерін өтеді. Жақсылықтарыңыз алладан қайтсын!»,-деді Мейрамгүл Ашихбаева.
Шараға атсалысқан "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Маңғыстау облысы бойынша басшысы Нұрбек Қарасаев: «Бұл бастама өте жақсы ойлап табылған үрдіс. Жағдайы төмен отбасылар жаңа жыл алдында халық тарапынан көмек бар екенін сезіне алады. Бұл оларға күш-жігер беріп, болашақта алға ұмтылуына мүмкіндік береді деп есептеймін. Алдағы уақытта осындай отбасыларға кәсіпкерлер атынан тұрақты қолдау көрсетуді қолға алмақпыз», - деді. Өңірлік палата өкілі отбасы мүшелеріне ноутбук пен азық түліктер әкелген.
Облыстық ардагерлер кеңесі де аталған шараға атсалысуда.
Бұл бастамаға Маңғыстаулық жастар да белсенді қатысуда. 100 үздік жас бас қосқан жиында олар облыс әкімінің үндеуіне қолдау білдіріп, барлық жастарды атсалысуға шақырды. Бүгін бір топ еріктілер Ақтау қаласы мен аудандардағы аз қамтылған бірнеше отбасыға азық-түлік қоржынын беріп, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі