М. Өскінбаев атындағы облыстық филармонияда 9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне арналған салтанатты шара өтті.
2003 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы қоғамды сыбайлас жемқорлық мәселесіне көңіл аударту және оған қарсы күрес жүргізуге шақыру мақсатында 9 желтоқсан күнін - «Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні» деп жариялаған-ды. Дендеп бара жатқан дерттің алдын алу үшін өңірімізде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті қалтқысыз қызмет етіп, жемқорлыққа қарсы шаралар ұдайы жүргізеді. Білім беру ұяларында «Адал ұрпақ» клубтарын құрып, оның құрамына оқушыларды кіргізіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша іс-шараларды жүзеге асырады.
Салтанатты шараның шымылдығы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Нұргүл Жанназарованың құттықтау сөзімен түрілді.
«Елбасының ұстанған сарабдал саясаты сыбайлас жемқорлыққа түбегейлі қарсы. Балабақшадағы бүлдіршіннен бастап жоғары оқу орнында білім алушы студентке дейін, қала тұрғындары, мемлекеттік органдары, ірі компаниялардың өкілдері, бәрі-бәрі – сыбайлас жемқорлықтан ада болуға, қызметі, ойы, қолы кіршіксіз таза болуы қажет. Сол үшін де біздің департамент ауқымды шараларды үздіксіз жүргізеді. Өңірімізде 2013 жылдан бастап 172 мыңдай адам қатысқан 600 шара ұйымдастырылды. Мектептерде «Адал ұрпақ» еріктілер клубтары жұмыс істеуде. Оның құрамында 2000-дай оқушы бар. Онымен қоса мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте үлестерін қосуда. Біз осы мекемелерге шексіз алғысымызды білдіреміз», - дейді Нұргүл Алмасқызы.
Аймақтық департамент облыстың жоғарғы оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері, магистранттары арасында бірқатар байқаулар өткізген. Оның ішінде «Адал бол» үздік бейнероликтер байқауында Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің «Құқықтану» мамандығының студенттері бас жүлдені ұтып алды. Ал облыстың жоғары оқу орындары арасында адалдықтың үлгісі болып табылатын абыройлы ұстаздар жайлы студенттердің үздік бейнероликтерінің конкурсында «Абыройлы ұстаз» номинациясымен Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті әлеуметтік гуманитарлық дайындық факультеті, «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының аға оқытушысы, доцент, тарих ғылымдарының кандидаты Орынгүл Табылдиева марапатталса, университеттің «Қаржы» және «Туризм» топтарының студенттері сол байқауда жеңімпаз атанды. Маңғыстау облысындағы жоғарғы оқу орындарының студенттері және магистранттары арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша дипломдық жобалар конкурсында жүлделі I орынды Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің түлегі Айболат Айтқұлұлы еншіледі. Барлық жеңімпаздарға «Abdi» канцеляриялық тауарлар дүкенінің сертификаты табысталды.
Облыстық мемлекеттік органдары арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу жөніндегі жұмыстарды үздік ұйымдастыру байқауында III орынмен Маңғыстау облысының ветеринария басқармасы, облыстық төтенше жағдайлар департаменті, II орынмен облыстық ішкі саясат басқармасы және облыстық соты марапатталды. Ал облыстық білім басқармасы І орынды қанжығасына салды. Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға қосқан үлесі үшін арнайы Алғысты Ш.Есенов атындағы КМТжИ университетінің тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры Гүлсара Өзбекқызы иеленді.
Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру тақырыбындағы үздік журналистік жұмыстар бойынша жарияланған байқаудың жеңімпаздары да марапатқа ілікті. Бірқатар мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, мерзімді басылымдар да алғыс хатқа ие болды.
Марапаттау рәсімінен соң жиналған қонақтардың назарына бейнероликтер байқауының жеңімпаз студенттері дайындаған «Жемқорлықсыз болашақ!» бейнеролигі, Жаңаөзен қаласының «Асыл сөз» үйірмесі мүшелерінің «Мың рет бара бергенше, бір рет пара бер!» атты қойылымы ұсынылды. Этномәдени бірлестіктердің төрағалары сөз алып, көпшілікті сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресуге шақырды.
Шара соңы облыстық филармония өнерпаздарының өнер шашуына ұласты.
Ханым ҚУАТ