Ақтауда ана тіліміздің жанашыры, журналист, әуесқой шахматшы Темірхан Түйтеевтің 65 жылдығына арналған «Шахмат менің әлемім» атты қалалық шахмат турнирі мәресіне жетті. Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған спорттық жарысқа «Толқын», «Достық», «Ұлан» шығармашылық клубының командалары мен «Оқушы» орталығының шахматшылар командасы қатысып, бақтарын сынады.
Шараның ашылуында марқұмның сыныптас досы Жолдыбай Көбенғалиев, «Оқушы» орталығының директоры Ақмарал Жалғасқалиқызы мен мрақұмның отбасы мүшелері, туыстары, әріптестері сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
- «Патшалар ойыны» шахматты насихаттап, осы спорт түрінің дамуына атсалысқан ойы жүйрік, парасатты журналист, талай рет шахмат турнирінің жеңімпазы атанған Темірхан Түйтеевтің 65 жылдығына арнап бүгін «Шахмат менің әлемім» атты бірінші қалалық шахмат турнирін өткіздік. Шахматшалар жарысына 1-8 сынып аралығындағы 50 мектеп оқушысы қатысты. Оқушылардың дайындықтарының жоғары болғанын айта кеткім келеді. Осындай шахмат турнирлері жыл сайын өткізілсе, қаламызда аталмыш спорт түрін одан әрі дамытуға жол ашылар еді... Жалпы «Оқушы» орталығындағы шахмат үйірмесіне 68 бала қатысады. Жыл басынан бері шәкіртім А. Мұңал республикалық Алматы, Астана қалаларындағы шахматтан өткен жарыстарда топ жарып, бірінші орындарды иеленді. Одан бөлек, қалалық, облыстық жарыстарда шәкірттерім А. Сайын, Н. Хадиев жүлдегер атанды,-дейді «Оқушы» орталығындағы шахмат үйірмесінің ұстазы Ақберді Қалиев.
Жылдам ойлап, дұрыс шешім қабылдауға жетелейтін тақта үстіндегі тартыста бірінші орынды Айдана Күшбай, Анель Сайын, Нұрбек Жолдасбаев, Амин Мұңал қанжығалады. Екінші орыннан Нәби Орынбасар, Әлішер Убайдулла, Елзада Досмағамбет, Айдана Демесинова көрінсе, үшінші орынға Жасұлан Икенов, Нұртас Амандық, Агидель Смагулова, Іңкәр Арыс тұрақтады. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар атынан бағалы сыйлықтар табысталды.
Венера МИРЛАН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="44487,44488,44489"]