©
Қаңтар айында Астана қаласындағы бірқатар мектепке Алаш арыстарының аты берілуі мүмкін. Бұл туралы ғалым Диxан Қамзабекұлы Алаш автономиясы және Алашорда үкіметінің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған «Алаш мұраты және руxани жаңғыру: сабақтастық пен жалғастық» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда мәлімдеді, - деп хабарлайды Baq.kz.
«Астана көшелерімен жүрсеңіз Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы көшелерді көресіз. Бүгінгі күн тәртібінде осы көшелерді немесе білім, мәдениет ордаларын мазмұндық жағынан қалай толықтырамыз деген сұрақ тұр», - дейді Еуразия ұлттық университетінің проректоры, алаштанушы ғалым.
Осы мақсатта Астанада бірнеше мектепке Алаш зиялыларының атын беру мәселесі он жылдан бері көтеріліп келген. Оның айтуынша 2018 жылдың қаңтарында он мектепке Алаш қайраткерлерінің аты берілмек.
«Қазір қалада 80-нен астам орта білім ордалары бар. Оның жартысы қазақ тілінде, ол көбеюі керек. Біршамасы аралас мектеп. Ал қаңтарда үлкен бір жаңалықты күтіп отырмыз. Астана қаласында оннан аса мектеп Алаш зиялыларының атын сұрады. Мектепке атын беру мәселесін көтергенімізге он жылдан асып кетті. Әлихан Бөкейхан, Қошке Кемеңгерұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Смағұл Сәдуақасов, Міржақып Дулатұлы атындағы мектептер пайда болады деген үмітте отырмыз. Барлығы қазір республикалық ономастика комиссиясына түсті және «қолдау табады» деген үлкен қуанышты хабар жетіп отыр. Бұл еліміздің Алаш автономиясы мен Алаш үкіметінің 100 жылдығына қосқан бір үлесі болар еді», - деді ол.
Конференцияға алаштанушылар, ғалымдар, қаламгерлер, мемлекеттік мекемелердің, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың және жастар қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.