Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі жанындағы «Телестудия & Фотостудия» үйірмесі 1-маусым халықаралық балаларды қорғау күнін ерекше атап өтті. Олар облыс орталығында орналасқан Ботаникалық саябақтағы микроәлемді фотоаппарат арқылы тамашалауға шықты.
- Зияткерлік мектеп химия-биология бағытында болғандықтан Ботаникалық бақпен тығыз қарым-қатынас орнатылған. Балалар мұндағы өсімдік түрлерімен танысып қана қоймай, ғылыми жобаларға дайындық жұмыстарын жүргізеді. Осы мүмкіндікті пайдаланып үйірме оқушыларымен микроәлемді тамашалап, оны обьектив арқылы көрсеткіміз келді, - дейді үйірме жетекшісі Рысгүл Рамазанова.
Саяхат барысында жас фотографтар жәндік, өсімдік түрлерімен танысып, олардың ерекшеліктері туралы молынан ақпарат алды.
- Ботаникалық бақтың құрылғанына биыл 44 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде территорияда түрлі өсімдіктер өсірілген екен. Мәселен, біз сол жерге отырғызылған шыршалардың ұзындығы мен көлемін көріп таң қалдық. Ал территориядағы еменнің жұпары мұрныңды жарады. Біз көбінесе микротүсірілімдер жасауға тырыстық. Мұндай саяхаттардың жиі ұйымдастырылғанын қалаймын, - дейді 8-сынып оқушысы Айжұлдыз Надирханова.
Назарларыңызға үйірме тәрбиеленушілері түсірген микроәлемді тамашалауды ұсынамыз.
Фото авторлары:
Естай Смайыл, Асылай Нұрғалиева, Айжұлдыз Надирханова, Нұрболсын Смет, Айя Сартбаева.
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="4445,4444,4443,4442,4441,4440,4439,4435,4437,4446,4436,4434,4432"]