Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ақтаулықтар таңғы сағат 10-да 5-шағын аудандағы Жалау Мыңбаев ескерткішінің жанына жиналды. Ақтау қаласының әкімі Серікбай Трұмов, облыстық және қалалық департаменттер мен басқармалар басшылары, қоғам қайраткерлері, саяси ұйымдар өкілдері мен ардагерлер, қала жастары ескерткішке гүл шоқтарын қойып, зұлмат заман құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.
Жиынды ашқан қала басшысы Серікбай Трұмов еліміздің өткен тарихын білу, оның ақтаңдақтарын жастарға таныту баршамыздың борышымыз екендігін атап өтті.
- Еліміз егемендік алған кезде алғашқы болып қабылданған заңдардың бірі 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» болып қабылданды. Сондай-ақ 1997 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні аталып келеді, - деді ол. - Сол кездегі тоталитарлық жүйенің диірменіне айналған лагерьлер бүгінде музейлерге айналды. Болашақта елде мұндай зұлматтардың қайталанбауына үлес қосуымыз керек. Қазақстаннан басқа да көптеген елдерге репрессияның салқыны тиді. Сол заманда елінен жерінен айырылып, біздің елімізге көптеген ұлттар департацияланып, олардың ұрпақтары өсіп-өнуде.
- Репрессия жылдарында қазақ жеріне 2 миллиондай адам жер аударылған екен, - деді жиында сөз алған Халық келісімі қоғамдық бірлестігінің төрағасы Юсуф Шахшаев. - Солардың бірі біздің ата-әкелеріміз. Сол замандағы үкіметке ұнамаған алуан түрлі ұлттар өкілдері қазақ халқынан пана тапты. Халықтың қанына туа біткен қонақжайлығы мен мейірімі арқасында жер ауып келгендер жан сақтап қалды. Әйтпесе, табиғаты бейтаныс, топырлатып әкеліп тастаған мидай далада тірі қалу мүмкін емес еді.Ол кезде репрессияның ащы дәмін қазақт ар да «татып» отырған. Олардың өздерінің де жағдайы мәз емес-ті. Соан қарамастан қазақтар өздері жерге жатса да, қонақтарына ең тәуір деген төсегін салып беретін. Қолында бар азығымен бөлісті. Сондықтан осында келіп, есін жиып, ұрпақ өсірген өзге ұлттар өкілдерінің алғысы шексіз қазақ халқына.
Жиналғандар алдында ақсақалдар атынан Тоқтарбай Балықбайұлы, Алқажан Еділхан сөйлеп, игі тілегін білдірді.
Тобанияз ескерткіші жанында
Репрессия құрбандарын еске алу шарасы облыс орталығындағы Тобанияз Әлниязұлы ескерткіші маңында жалғасып, онда гүл шоқтары қойылып, бір минут еске алу рәсімі болды. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева ашып, Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын неске алу күнінің маңызы иураы әңгімелеп, жиналғандарға игі тілегін жеткізді. «Нұр Отан» партиясы Ақтау қалалық филиалы төрағасының орынбасары Серік Еңсегенов, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, тарихшы, зерттеуші журналист Есберген Іңірбайұлы сол жылдары халық жауы атанған аталарды еске алудың келер ұрпақ үшін маңыздылығын қаперге беріп, олардың есімдерін ардақ тұтып, жадтан шығармау керектігін атап айтты.
Тобанияздың немересі Шамаби Зәкіржанұлы сөз кезегін алып, әулетінің тарихын қысқаша баяндады. «Атамыз Тобанияз 1918 жылдары Маңғыстауда ревком төрағасы болып, халқына адал қызмет жасап жүргенімен, 30-жылдары халық жауы атанып, қуғынға ұшырады, деді ол. Содан кейін әжеміз мұнда тыныш өмір сүре алмай, 7 жаста қалған баласы, біздің әкесміз Зәкіржанды алып, көрші Түрікменстан еліне қоныс аударады. Ол жақта да атамыздың аты қайта-қайта алдынан шыға берген соң әкеміз нағашысының атын фамилия етіп жаздырып алған екен. Шүкір, өстік, өндік, Тобанияз немерелерінің барлығы атажұртқа қайтып оралды. Енді мұндай қасірет ұрпақтарымыздың басына келмесін».
Сол бір зұлматты жылдарды еске алуға жиналған жұртшылық балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен азапты күндер келешекте қайталанбасын деген тілекпен тарасты.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА.
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН